Өңір басшысы жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.
Мәжілісте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оңың мәліметінше, жастар арасында бірқатар өзекті мәселер анықталып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
«Отбасын қолдау орталықтары» арқылы жастар мен жас отбасыларға отбасын жоспарлау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу және отбасы жауапкершілігін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Түркістан және Кентау қалаларында, сондай-ақ Төлеби ауданында «Жастар денсаулық орталықтары» жұмыс істейді. Жыл басынан бері аудан-қалаларда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде интернет-алаяқтықтың, сыбайлас жемқорлықтың және нашақорлықтың алдын алу мақсатында 590 нысанда аудиоджинглдер қосылып, 650 ақпараттық плакат орналастырылды. Сондай-ақ «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында өткен оқу жылында 7 мыңнан астам профилактикалық кездесу өткізіліп, оған 450 мыңнан астам оқушы қатысты.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Түркістан облысында жалпы саны 18 жастар ресурстық орталығы мен 149 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Өңірде 27 713 жас волонтер тіркелген. Сондай-ақ жастарға арналған 1540 үйірме жұмыс істейді. Жастардың кәсіби бағдарын зерделеу мақсатында биыл Республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары аудан, қалаларда NEET санатындағы жастармен кездесулер өткізіп, оған 1700 жас қатысты. Нәтижесінде жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бағытындағы ұсыныстар әзірленді. Жыл басында «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде 12 023 NEET санатындағы жас тіркелсе, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде олардың саны 8 332-ге дейін азайды. Мансап орталықтары арқылы 1567 жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жұмыссыз және NEET санатындағы жастарға облыстағы 16 өндірістік кәсіпорынға экскурсия ұйымдастырылып, оған 1685 жас қатысты. Алдағы уақытта NEET санатындағы жастарды кәсіби бағдарлау, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы мен Skills Enbek платформасы арқылы кәсіптік оқытуды жалғастыру жоспарланған.
Кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру бағытында биыл 44 967 жасқа кеңес беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1140 жас грантқа ие болды. Жастарды әскерге тарту бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Көктемгі әскерге шақыру науқанында 2470 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында жастардың экологиялық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және еріктілік қызметін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірде 415 сенбілік ұйымдастырылып, оған 98 мыңнан аса жас қатысты.
Фото: Aikyn.kz



