Шымкент қалалық қан орталығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы 44 медициналық ұйымды қауіпсіз, сапалы қан компоненттерімен тұрақты түрде қамтамасыз етеді. Негізгі қызметі — донорлардан алынған қанды толық зертханалық тексеруден өткізу, өңдеу және медициналық ұйымдарға беру.
Енді өткен аптада Қазақстан үкіметінің қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты енгізілді. Құрмет белгісі алғаш рет бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донорға беріледі.
Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес ведомстволық төсбелгі Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз негізде донорлық жасағаны үшін беріледі. Атап айтқанда, қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет болуға тиіс.
Төсбелгілерді Қазақстан теңге сарайы дайындайды.
«Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен», — дейді ведомство өкілдері.
Бекітілген дизайнға сәйкес төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.
Ведомство мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасалады. Соның нәтижесінде жылда 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік беріледі.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болуға ниетті қызметкер орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.
Жалпы алғанда донорлардың азаматтық жауапкершілігі мен жанашырлығының арқасында еліміздің медициналық ұйымдары күн сайын операциялар жүргізуге, онкологиялық ауруларды емдеуге, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, ауыр жарақат алған пациенттер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету үшін қажетті қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада қан мен оның компоненттерінің 255 255 донациясы жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш азаматтардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қан қызметінің тұрақты дамуын айғақтайды.
Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерекше. Олар – қан мен оның компоненттерін 50 реттен астам тапсырған азаматтар. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлестері зор.
Деректерге көз жүгіртсек, жаһандағы әрбір үшінші адам қанға мұқтаж көрінеді. Жалпы, донорлық қанның жетіспейтіні туралы біраз жылдың бедерінде көптеген мәлімет тараған еді. Десе де, кейінгі уақытта хәл үстінде жатқан азаматтарға өмір сыйлауға құштар жандардың қарасы көбейе түскені көңіл қуантады.
Иә, қалай айтсақ та Түркістан өңірінде қан тапсыруға ниетті азаматтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бірінші кезекте мамандардың жүргізген сапалы жұмысының нәтижесі болса, екіншіден, жергілікті халық та донор болудың қоғам үшін пайдасын түсінгенін айғақтай түссе керек.
Фото: GOV.KZ



