Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Жамбыл облыстық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының директорлары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты сала басшылары қатысып, мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы талқыланды.
Жиында уақытша жұмыссыз жүрген жастардың үлесін төмендету және оларды әлеуеттендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеу, аудандық жастар ресурстық орталықтарының материалдық-техникалық базасы, компьютермен қамтылуы, сонымен қатар ғимарат мәселесіне қатысты аудан әкімдерінің орынбасарларына нақты ұсыныс әзірлеу жүктелді.
— Әсіресе, аудандар мен Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында рейдтік іс-шараларды көбейту, Мемлекеттік еңбек инспекциясымен бірлесіп, деректер базасындағы алшақтықтарды жоя отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың нақты есебін пысықтау тапсырылды, — дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов.
Бұдан бөлек, Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жастар саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған жаңа жобалар, волонтерлік қызметті кеңінен дәріптеу, дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сөз болып, ой-ұсыныстар да айтылды
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлдың айтуынша биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданда уақытша бос жүрген жастардың үлесін төмендету, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, «Мансап» орталығымен бірлесе отырып 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкелер барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші жастар арасында тікелей байланыс орнатылып, бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар, жастарға мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жұмыспен қамту тетіктері бойынша кеңестер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2026 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыздар есебінде тіркелген жастардың саны – 458-ді құрайды. Жұмыспен қамтылған жастар саны — 643, тұрақты жұмысқа орналасқандардың саны – 439, қоғамдық жұмысқа жіберілгендер – 47 жас, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасқан – 519 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан – 7 жас, «Жастар тәжірибесімен» жіберілген жастар саны (жергілікті бюджет есебінен) – 48 жас, «Жастар тәжірибесі» арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан – 4 жас, «Алғашқы жұмыс орнына» — орналасқандар жоқ.
Сонымен қатар қысқа мерзімдік және қайта даярлау курс оқытудан өткен жастардың саны 55, кәсіптік онлайн оқытудан өткен – 40 жас. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жастарды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өткен – 20 жас, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қайтарымсыз грантқа өтінім білдірген – 8 жас, бүгінгі күнде грант алған жастар – жоқ,
Жастарды маусымдық еңбекпен қамту мақсатында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы ұйымдастырылып, 2026 жылдың 6 айдың қорытындысы бойынша 137 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Алдағы уақытта да жастарды тұрақты жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Ұлттың кемел келешегіне, бүгінгі жас ұрпаққа артылар ең үлкен міндет – сананың түзу жолмен қалыптасуы мен білімділік, жан-жақтылық қасиеттері жасампаз елдің жастарына тән. Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатын, тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін де осы – жастар!
Фото: Служба центральных коммуникаций



