Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасының қоғамдағы маңызды рөлін түсіндіру, сотталғандардың отбасымен әлеуметтік маңызды байланыстарын сақтау және нығайту, сондай-ақ отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Іс-шара барысында сотталғандарға отбасының адам өміріндегі орны мен маңызы, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық, түсіністік, сенім мен қолдаудың құндылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қатысушылардың назарын отбасы құндылықтарына аудару мақсатында тақырыпқа сай видеоматериал көрсетіліп, оның мазмұны бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Сотталғандар бейнематериалда көтерілген мәселелер бойынша өз ойларын білдіріп, отбасы, ата-ана және бала алдындағы жауапкершілік туралы пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар іс-шара аясында «ОТБАСЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ» тақырыбында плакатқа сурет салу конкурсы ұйымдастырылды. Қатысушылар өз шығармашылық жұмыстары арқылы отбасыға деген сүйіспеншілігін, ата-анаға құрметін, балаға деген мейірімін және отбасы бірлігінің маңызын бейнелеуге тырысты. Шығармашылық жұмыс барысында сотталғандар өздерінің отбасы туралы түсініктерін қағаз бетіне түсіріп, жағымды эмоцияларын білдіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ психологтар тарапынан тренингтік жаттығулар өткізіліп, қатысушылардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, отбасылық қарым-қатынастың маңызын сезінуге және жақын адамдарға деген қамқорлық пен жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Тренинг барысында қатысушылар отбасы ұғымының өздері үшін нені білдіретінін саралап, отбасының береке-бірлігін сақтаудағы жеке жауапкершіліктерін түсінуге мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында отбасы – адамға күш беретін, өмірлік қиындықтарды жеңуге жігерлендіретін, рухани қолдау көрсететін және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын басты орта екендігі атап өтілді.
Осындай тәрбиелік және психологиялық бағыттағы іс-шаралар сотталғандардың отбасылық байланыстарын сақтауға, жақындарына деген жауапкершілігін арттыруға, жағымды құндылықтарды қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған.


