– Өкінішке орай, өңірімізде әйелдер көбіне денсаулығына, тек жүкті болған кезде ғана назар аударады, – дейді №2 облыстық перинаталдық орталығының басшысы Эльмира Қожахметова. – Біз әйелдеріміздің өмірге ұрпақ әкеліп жатқанына өте қуаныштымыз. Бірақ, олардың денсаулығы өте өзекті мәселе! Аналар өздерінің жағдайын бақылауы керек екенін атап өткім келеді. Дені сау анадан ғана дені сау бала туылатынын түсінуіміз керек. Ал жүктілік кезеңінде организмді емдеу қиынға соғады. Сондықтан мен барлық әйелдерге жүктілікті жоспарламас бұрын медицинадағы барлық сала мамандарына қаралып, тексеріліп, кардиолог, онколог, эндокринолог және тағы басқа да дәрігерлерден кеңес алғанын қалаймын.
Бұл орталықта мамандар аз салмақты сәбилердің тезірек әл жинап кетуі үшін барлық мүмкіндікті жасайды.
Бөлімше 16 орынға арналған. Мұнда экстремальді төмен салмақты балалар жатыр. Бізге бүкіл аймақтан әйелдер келеді. Интенсивті күтімді қажет ететін барлық жаңа туған нәрестелер аймақтардан сенімді қолдарға түседі. Қарқынды емдеу бөлімшесінің көрсеткіштері бойынша №2 облыстық перинаталдық орталығында осы жылдың алғашқы тоқсанында 500-900 грамм салмақ категориясында қабылдаулардың артып отырғаны байқалады. 2023 және 2024 жылдарды салыстырғанда, жаңа туған нәрестелердің жалпы саны бойынша, өмір сүру көрсеткіші 2,5 пайызға артты. 2025 жылы өмір сүру 96 пайызды құрады.
Дәрігерлерді алаңдататын жайт – босанатын әйелдердің арасында интергенетикалық интервалды сақтамайтындары көп. Олардың арасында артериялық қан қысымы 160-180 мм сынап бағанасынан жоғары әйелдер де аз емес. Бұл, сөзсіз олардың денсаулығына әсер етеді.
– Егер әйелдер жүкті болуға дайын болған кезде өздерінің аурулары туралы біле отырып тексерілсе, әлбетте, жүктілік жеңіл өтеді. Яғни, алдымен мамандар қажетті емдеуді жүргізуі керек, содан кейін ана бала туралы ойласа болады, – дейді Элмира Ағабекқызы. – Бірақ, бізде бәрі керісінше: алдымен әйелдер жүкті болады, содан кейін емделуге кіріседі. Өкінішке қарай, ана өмірін сақтап қалу үшін кейде жүктілікті мерзіміне қарамастан тоқтату қажет жағдайлар болады. Әйелдер жүктіліктің ағзаға «емтихан» екенін түсінуі керек. Егер жүктілік қандай да бір аурудың фонында басталса, әрі оған дейін тексерілмесе, онда жүктілік кезінде ауру асқынады. Қай жері әлсіз, сол жері сыр береді.
Төмен салмақты сәбилер туған аналарға заманауи жабдықтар мен дәрігерлердің тәжірибесі олардың перзенттерін аман алып қалу мүмкіндігін сыйлайды. Біздің әжелеріміздің заманында әдетте олар өмір сүрмейтін. Мерзімінен бұрын туған баланы әжелеріміз тымаққа салып қоятын болған. Мұндай балалар жылуға зәру, себебі олардың қан айналым жүйелері әлсіз, толық жұмыс істемейді. Сонда көпті көрген әжелеріміз шалабайларды тымаққа салып жылытты. Бүгінде перинаталдық орталықтарда жаңадан туған балаларға арналған интенсивті терапия үшін заманауи инкубатор – кювез пайдаланылады. Бұл аппарат қолайлы температура, оттегі деңгейі және ылғалдылықты қамтамасыз етеді. Мерзімінен бұрын туған балалар үшін, сондай-ақ ауыр аурулардан немесе босану кезінде оперативті араласудан кейін оңтайлы ортаға мұқтаж нәрестелер үшін барлық жағдай жасалған.
Кювез кішкентай адамның денсаулығын нығайтуға көмектеседі және өмірдің алғашқы күндерінде толыққанды өсу үшін қажетті денсаулық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір балалар кювезі жылыту элементтерімен және оттегіні автоматты түрде беру жүйесімен жабдықталған. Кювезді әрбір балаға жеке таңдалған жағдайларды қамтамасыз ететін компьютерге қосу мүмкіндігі бар. Құрылғының көлбеу бұрышын өзгертуге де болады.
Фото: Серпер



