«NURTAU Distribution Company» ЖШС — ассортименті кең дистрибьютор. Кәсіпорын ел аумағындағы 4 мыңға жуық сауда нүктесіне тауар ұсынады, айналымдағы тауарларының ассортименті 900-ден асып жығылады.
«Бізге KazakhExport шетелдік сатып алушылармен байланыс орнатуға көмек беріп, көршілес елдердерге экспортқа шығуға жол ашты. Қазір біздің басты мақсатымыз – өндіріс қуатын арттырып, экспорт географиясын кеңейту», — деді NURTAU Distribution компаниясы Экспорт бөлімінің менеджері Ернар Қасымов.
Өз кезегінде «KazakhExport» ЭСҚ» АҚ Сақтандыру департаментінің директоры Алмагүл Мәженова 2023 жылдың басынан бері компания 50-ге жуық қазақстандық кәсіпорынның экспорттық келісімшарттарын қолдағанын атап өтті. Бұл ретте шағын және орта бизнес кәсіпорындарының үлесі шамамен 70 пайызға жеткен.
«KazakhExport кәсіпорындардың шетелдік сатып алушылармен алыс-беріс кезіндегі тәуекелдерін өз жауапкершілігіне алады. Сонымен қатар, отандық тауарға немесе көрсетілетін қызметке тұрақты сұраныс болуын қамтамасыз етеді. Ал «NURTAU distribution» компаниясына келсек, KazakhExport сақтандыру өтемі зауытқа төлемді кейінге қалдыру шартымен өткізілген тауар үшін шетелдік сатып алушыдан төлем алуға сенім береді», — деді А. Мәженова.
Анықтама:
«KazakhExport» ЭСК» АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы. Компанияның негізгі міндеті – түрлі қаржы құралдары арқылы отандық шикізаттық емес экспорттаушыларға қолдау көрсету. 2016 жылдан бастап KazakhExport 200-ден астам экспорттаушыға 870 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.
Қолдау көрсетілетін кәсіпорындар экономиканың тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да маңызды салаларында жұмыс істейді. Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия, Түркия және т.б. елдер бар.