Бұл біздің елімізде тұратын халықтың санын ескергенде, үлкен көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ қосу көбеюде. Осыны ескерген Кентау қалалық ауруханасы өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында заманауи ота түрлерін жасауға көшуде.
Бұдан былай Түркістан облысының әр аймағында хирургиялық операциялардың жаңа түрлері енгізіле бастайды. Cоның арқасында науқастар заманауи технологиялардың көмегімен жасалатын күрделі оталарды ірі қалалар мен мегаполистерге бармай-ақ, тұрғылықты жерінде жасата алады. Кентау қаласы ауруханасының базасында республикалық деңгейде хирургиялық шеберлік сабағы ұйымдастырылып, алғаш рет бариатриялық ота сәтті жүзеге асырылды. Бұл кенді шаһардың медицина саласы үшін маңызды әрі тарихи қадам болып табылады.
Аталған шеберлік сабағында медицина мамандары көпшілікті толғандырған дерттің бірі – семіздікті хирургиялық жолмен емдеудің заманауи тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
– Бұл іс-шара тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірлік медицинаны дамытуға бағытталған маңызды кәсіби кездесу. Кентау қаласында лапароскопиялық хирургияның негізі 2000 жылы қаланды. Алғашқы лапароскопиялық операция «Olympus» фирмасының жабдығымен жасалған лапароскопиялық холецистэктомия болды. Қазіргі таңда лапароскопиялық технологиялар абдоминальді хирургияда, гинекологияда, урологияда кеңінен қолданылып, операциялардың басым бөлігі осы әдіспен орындалады. Дәрігерлеріміз Қазақстанмен қатар Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск және Түркияда білімдерін жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинақтады. 2013 жылы лапароскопиялық аппендэктомия кезінде «appendix» тұқылын байлау әдісі енгізіліп, авторлық куәлік алынды. Бүгінде Кентау қалалық орталық ауруханасы лапароскопиялық хирургияны тұрақты дамытып отырған аймақтық орталықтардың біріне айналды.
Мастер-класстың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды енгізу және жас мамандарды оқыту. Алдағы уақытта лапароскопиялық қызметті одан әрі дамыту, күрделі операцияларды енгізу және тұрақты оқыту алаңын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бірлескен жұмыс арқылы біз өңіріміздегі медициналық көмекті жаңа деңгейге көтере аламыз. Кентау тәжірибе жинайтын ғана емес, тәжірибе үйрететін орталыққа айналуы тиіс, – дейді Кентау орталық қалалық ауруханасының басшысы Асылбек Өтебаев.
Семинарға қатысушы хирург-дәрігерлердің айтуларынша, бариатриялық ота артық салмақпен және семіздіктің ауыр түрлерімен күресуге арналған хирургиялық әдіс. Ол асқазан көлемін кішірейту немесе қоректің сіңуін азайту арқылы салмақты тұрақты төмендетеді, тәбетті гормоналды деңгейде басады. Бұл оталар жүрек, қант диабеті және буын ауруларының алдын алуға көмектеседі.
Бариатрия семіздік пен оның салдарын зерттейтін және емдейтін медицина саласы болып келеді. Оған консервативті тәсілдер диета және физикалық белсенділік, сол секілді хирургиялық тұрғыдан араласу да кіреді. Бүгінде дәл осы әдіс кеңінен таралып отыр.
Метаталданымның мәліметтері бойынша емделушілер хирургиялық отадан кейінгі бір жылдың ішінде орта есеппен алғанда өзінің бастапқы салмағынан 20 пайыздан бастап 30 пайызға дейін жоғалтқан. Әдетте адамның дене массасының индексі (ДМИ) 40 және одан жоғары болғанда, не болмаса ДМИ 35-тен жоғары, сондай-ақ ілеспелі дерттер қатар жүретін жағдайда бариатрияны жасату бойынша кеңес беріледі. Оны тағайындаудың алдында дәрігер семіздікті емдетудің басқа хирургиялық емес тәсілдердің ұзақ уақыт бойы көмектеспегендігіне әбден көз жеткізуі тиіс.
Жалпы Кентау қаласында лапароскопиялық хирургияның бастау алуы 1996 жылмен байланысты. Сол кезеңде енгізілген жаңа әдіс біртіндеп дамып, хирургиялық тәжірибеде кеңінен қолданыла бастады. 2000 жылы алғашқы лапароскопиялық холецистэктомия сәтті орындалып, бұл минималды инвазивті хирургияның өңірде кең таралуына жол ашты. Кейінгі жылдары лапароскопиялық технологиялар жүйелі түрде жетілдіріліп отырды.
Кентау хирургтарының ғылыми ізденістері нақты нәтижелерге қол жеткізді. 2012 жылы лапароскопиялық аппендэктомия әдісіне авторлық патент алынуы ұжымның инновациялық әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдейді. Бұл әдіс тәжірибеде тиімділігін көрсетіп, клиникалық практикада кеңінен қолданылып келеді.
Фото: Liter.kz



