Ең елеулі ілгерілеу денсаулық сақтау саласында байқалды: халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы артты, нәрестелер мен бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім төмендеді, сондай-ақ туберкулезбен сырқаттанушылық айтарлықтай азайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттары халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны сақтауға бағытталған 17 жаһандық мақсатты біріктіреді. Солардың ішіндегі негізгі бағыттардың бірі – №3 мақсат – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат».
Қазақстан 2015 жылдан бері Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіп, дәйекті түрде іске асырып келеді. Қазіргі таңда ұлттық мониторинг жүйесі 280 индикаторды қамтиды, оның ішінде 205-і – жаһандық, 75-і – ұлттық көрсеткіштер. «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» бағыты бойынша 29 көрсеткішке мониторинг жүргізіледі.
Денсаулық сақтау бағыты бойынша ТДМ-ның жаһандық индексін есептеу кезінде 14 негізгі көрсеткіш бағаланады. Олардың басым бөлігі бойынша Қазақстан оң серпін көрсетуде.
Атап айтқанда, неонаталдық өлім коэффициенті 9,3 пайызға төмендеді. Сондай-ақ бес жасқа дейінгі балалар өлім-жітімінің көрсеткіші 2,1 пайызға азайды.
Ең маңызды нәтижелердің бірі – бір жыл ішінде туберкулезбен сырқаттанушылықтың 36 пайызға төмендеуі болды.
Экологиялық факторлармен байланысты денсаулық көрсеткіштері де жақсаруда. Атмосфералық және тұрмыстық ауаның ластануына байланысты өлім 29 пайызға төмендеді.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығының 0,3 жылға артуы.
Сонымен қатар, 15–19 жас аралығындағы қыздар арасындағы жасөспірімдер жүктілігінің көрсеткіші 12,7%-ға төмендеп, оң динамика байқалды.
Қол жеткізілген нәтижелер денсаулық сақтау жүйесін дамыту, профилактикалық бағдарламаларды кеңейту, ана мен бала денсаулығын қорғау, әлеуметтік мәні бар аурулармен күресу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев тұрақты даму мақсаттарын іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Осы ретте, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтетін бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді.
Ең алдымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі кеңейтілді. Бұл – жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, күрделі операциялар мен заманауи емдеу тәсілдерін тұрғындарға жақындата түседі.
Сонымен қатар, онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеу жүйесі одан әрі жетілдірілуде. Заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізуге басымдық беріліп, қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен тиімділігі арта түседі.
Тағы бір маңызды жаңалық – ядролық медицина мен генетикалық диагностика бағыттарының дамуы. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға, дәл диагноз қоюға және ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңартылған қаржыландыру тетіктері медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайтып, дәрігерлердің сапалы қызмет көрсетуіне қосымша мүмкіндік береді. Ал бұл өзгерістердің басты мақсаты – әрбір азаматтың денсаулығын сақтау және өмір сүру сапасын арттыру.
– Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы аталған реформаларды сапалы іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз үшін ең басты құндылық – халықтың денсаулығы. Сондықтан әрбір тұрғынның сапалы, уақтылы және қолжетімді медициналық көмек алуына барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.
Денсаулық – ең қымбат байлық. Өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.
Біздің мақсатымыз – тұрғындарға заманауи, қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, — дейді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
Фото: egemen.kz



