Есепті кезеңде қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша 1 орынды иеленді. Қаңтар-мамыр айларында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығы орындалып, жоспарлы межелерге қол жеткізілді.
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджет жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, белгіленген межелерге қол жеткізу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, – дейді бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек.
2026 жылғы 5 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтқан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бақылауда тұр. Жоспарды орындау мақсатында ай сайынғы талдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар салалар бойынша маусым айына бекітілген көрсеткіштер жоспары толық орындалады деп күтілуде.
Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 722,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 131,9%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 346,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 149,7% деңгейінде қалыптасты. Бұл жоспарланған көрсеткіштен (107,7%) едәуір жоғары. Тау-кен өндіру саласында 312,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 119,0%-ға жетті. Ауыл шаруашылығы саласында 259,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 110,7%-ды құрады.
Жыл басынан бері негізгі капиталға 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 150,5%-дық өсім қамтамасыз етілді. Сауда көлемі 356,3 млрд теңгені құрап, өсім 119,7%-ға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 134,2 млрд теңгені құрап, өсім 108,3%-ды көрсетті. Сонымен қатар 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,6%-дық өсімге қол жеткізілді. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 129,3 млрд теңгеге жетіп, өсім 116,5%-ды құрады. Байланыс қызметтерінің көлемі 5,3 млрд теңгені құрап, 108,9% өсім көрсетті. Жалпы салалар бойынша көрсеткіштер артығымен орындалды.
Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың баяндауынша, өзіндік кірістердің нақты түсімі 135,7 млрд теңгені құрап, жоспар 6,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістердің түсімі 21,5 млрд теңгеге немесе 18,8%-ға артты.
Бүгінде облыста 29 шағын өндірістік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 150-і пайдалануға берілді. Жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылып, бүгінгі таңда 98 жоба іске қосылды.
Өндірістік парктерде өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жаңа өндірістер ашылып жатыр. Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндірісі, сэндвич-панель және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастаған. Сауран ауданында да жиһаз, құрылыс материалдары мен металл өңдеу бағытындағы өндірістер іске қосылып, жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік және декоративті материалдар шығаратын цехтар ашылды. Отырар ауданында темір бұйымдары, құрама жем, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылды.
Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі жолға қойылды. Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер, матрас шығару және пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асырылуда. Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастады. Созақ ауданында төрт өндірістік жоба іске қосылып, дайын ғимараттар кәсіпкерлерге берілді.
Сонымен қатар Түркістан, Арыс, Кентау қаласы, Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылымды жеткізу және инвесторлар орналастыру жұмыстары жалғасуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, бос тұрған нысандарға инвесторлар тартуды, меморандум жасалған жобаларды нақты өндіріске айналдыруды тапсырды. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешіп, өндірістік парктердің екінші кезеңі аясында салынатын жаңа өндірістік ғимараттардың құрылысын уақтылы аяқтауды міндеттеді.
Фото: turkystan.kz

