2025 жылдың қыркүйегінде мектептің бір мұғаліміне туған інісі келіп, үйдің кілтін сұрайды. Ол кілттің қай жерде тұрғанын еш қаперсіз дауыстап айтқан. Ал оны С. есімді әріптесі естіп тұрған. Яғни, мұғалімнің әріптесі үйдің кілтінің жасырылған жері туралы естіген. Бірнеше күннен кейін ол материалдық қиындықтарға тап болып, мұғалімнің кешке дейін жұмыста екенін біліп, алдап жұмыстан шығып, әріптесінің үйінің кілтін тауып, үйге кірген. Үйде ол алтын кулон мен алтын сақинаны ұрлап кеткен. Жасалған қылмысты ешкім байқамағандықтан, бірнеше күннен кейін ол мұғалімнің үйіне қайта кіріп, алтын алқа мен алтын білезікті ұрлап кеткен.
Жамбыл облысының Жамбыл аудандық соты тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы бірнеше рет жасалған ұрлық фактісі бойынша сотталушы С.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлердің айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, прокурордың позициясымен келісті.
Ал, жәбірленуші С.-ға ешбір қарсылығы жоқ екенін түсіндіріп, келтірілген материалдық залалдың толығымен өтелгенін хабарлады.
Сот үкімімен С. ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 2, 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес тағайындалған жазаны орындау қызы 14 жасқа толғанға дейін – 3 жылға кейінге қалдырылды.
Фото: Zakon.kz


