Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденовтың айтуына қарағанда Қаржы лизингі шарттарына сәйкес бастапқы жарна 10 пайыздан немесе жалпы сомасы 7 427,0 мың теңгеден аспауы тиіс. Талапты сақтамағандықтан айырмашылық 17 300,0 мың теңгені құрап, барлығы 24 727,0 мың теңгеге жеткен.
Оның ішінде «Бекзада» ШҚ ЖК – 7 335,0 мың теңге, «Гүлнар» ШҚ ЖК – 4 034,0 мың теңге, «Бекзат» ШҚ ЖК – 4 034,0 мың теңге. Яғни үш лизинг алушының 11 шарты бойынша бастапқы жарна 20-дан 30 пайызға дейін көбейген.
Осылайша Жамбыл облысы ауылшаруашылығы саласын дамыту мақсатында ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу үшін «QZQ Finance» ЖШС-нің жарғылық капиталын ұлғайту және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ының» жарғылық капиталын ұлғайту жобасын іске асыру барысында ҚР Бюджет кодексінің қағидаты сақталмай, 717 700, 0 мың теңге тиімсіз пайдаланылған.
Бұдан басқа экономикалық негіздемеде көрсетілгендей 6 пайыз емес, барлық 27 лизинг шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесі 22 пайыз құрағаны анықталды. Осылайша сыйақы мөлшерлемесі 16 пайызға немесе 3,7 есеге артқан.
Негізі лизинг талаптарына сәйкес түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайыздан аспауы тиіс. Ал осы талаптарды сақтамаудан толық төлемдерді өтеу сомасы және лизинг шарты бойынша нақты сома арасындағы айырма 332 198,7 мың теңгені құрады.
Алайда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшылары Тексеру комиссиясы анықтаған бұл кемшіліктерді мойындамай отыр, олардың да айтар өз уәждері бар.
— Еншілес «QZQ Finance» ЖШС бойынша «Тараз» ӘКК» АҚ «QZQ Finance» ЖШС жарғылық капиталындағы 44% үлеске ие, — дейді бұл жөнінде «Тараз» ӘКК» АҚ басшысының орынбасары Равиль Қуанышбаев. — 2023 жылдың 31 қаңтарында «QZQ Finance» ЖШС қатысушыларының №15 жалпы жиналысында жарғылық капиталды ұлғайту мәселесін талқылау барысында «Тараз» ӘКК» АҚ-ның өкілі Серіктестіктің құрылтай құжаттарына ӘКК-ден жарғылық капиталға салынған қаражатты орналастыруға бастапқы қаржыландыру үшін жылдық 6%-дан аспайтын түпкілікті қарыз алушы үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі бойынша өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы хабарлады.
Қатысушылардың көпшілік дауысымен ұсыныс қолдау таппады.
Түпкілікті лизинг алушылар сыйақының 6% ғана төлейді, қалған пайыз мөлшері мемлекет тарапынан субсидия арқылы өтеледі. Яғни отандық тауар өңдірушілер және отандық қызмет көрсетушілер бұл лизингтік келісім шарттар бойынша артық төлемдер жасамайды, төмен пайызбен жаңа техникаға қол жеткізді. Сол себепті отандық тауар өңдірушілер және отандық қызмет көрсетушілерге қолдау көрсетілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыруға, жарғылық капиталды ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін бағытталған кредиттер мен бюджет қаражатының, сонымен қатар активтердің тиімді пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін қарап, Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі мен «Тараз» ӘКК» АҚ-ның басшылары осы бағытта атқарылған жұмыстарды баяндады.