Сенатордың пікірінше, қазірдің өзінде аталмыш қалалардағы халықтың едәуір бөлігі шет аймақтарда, жеке сектормен қосылған аудандарда тұрады, мұнда мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы жоғары. Адамдар балаларын мектепке жеткізу үшін қаншама шақырым жеке көлікпен жүруге мәжбүр. Сондықтан бұл қалалалардағы өзге мәселелермен қатар қоғамдық көлік тапшылығы мен жол кептелістері үлкен проблемаға айналды.
«Халқы жылдам өсіп жатқан қалалардың орталықтары мен шеткері аймақтары бойынша зерттеу мен сараптамаларды күшейту және сауда-қызмет, демалыс орындарын біркелкі орналастыруды қатаң бақылау қажет. Қала қозғалысын басқарудың бірыңғай орталықтан автоматты басқару және «ақылды», бағдаршамдар жүйесін енгізу маңызды болып отыр. Маршруттардың, қоғамдық көлік бөлімшелерінің санын көбейту, оларға арнайы жолақтарды көбейту және қоғамдық көлік сапасы мен қауіпсіздігін күшейту де басты міндет болып табылады», — деді сенатор.