Министрлер кабинетінің онлайн отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бірыңғай тұрғын үй саясатын құруға қатысты бірқатар ақпаратты назарға ұсынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Атамқұловтың айтуынша, зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережелеріне түзетулер енгізіледі. Оның ішінде, жеткіліктілік шегінен асатын жинақтың бір бөлігін алдағы уақытта тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкіндегі» шотқа аударуға мүмкіндік беруді қарастыратын түзетулер енгізілмек.
«Отбасы банк»АҚ ипотекалық бағдарламалары аясында кезекте тұрғандар үшін бастапқы төлем тұрғын үй құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Жеңілдікпен несиелеудің мөлшерлемесі отбасының табысына байланысты жылдық 2 және 5 пайызды құрайтын болады», — деп түсіндірді министр.
Сонымен бірге, министрдің сөзіне сенсек, үй салушыларды қолдау үшін МЖС мен үлестік құрылыстың әлеуетін белсенді пайдалана отырып, жобаны қаржыландыру механизмі енгізілетін болады.
Еске салсақ, 1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасаған еді. Жолдауда президент Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керектігін сөз еткен еді.
«Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді», — деген еді президент.