Жырларын көбінесе отаншыл, патриоттық тұрғыда жазады. «Менің Қазақстаным», «Жамбылым –өлкем» , «Қазақ тілін қадірле», «Асыл анам», «Отаным» тақырыбындағы өлеңдерімен елді тәрбиелеп жүргеніне қалай сүйсінбессің.
Жасы 78-ге жетсе де, апамыз сергек, ширақ. Әлі кітап оқып, өлең жазады. Қазақ тілінде. Әжемізге тағдырдың тартқан сыйы ақындығы. Егде тартып қалған кезінде, нақты айтсақ алпыс жасында жүрегінен жыр тудырып, өлең жаза бастайды. Басты айта кететін жайт – жырларын тек қазақ тілінде әрі ешбір қатесіз, сауатты жазатындығында. Әмина әр түрлі тақырыптарды, отаншылдық жайлы, қазақтарға айтқан алғысы жайлы, қыздары, анасы жайлы, тіл мен рух жайлы толғана жырлайды. Қазақ бола тұра ана тілінде сөйлемейтін жандарды сынға алады. Ол жайында ол жырларында «Мен қазақ болмасам да, тілді жақсы білемін. Тіл білмейтін қазақтарға үлгі болып жүремін» дегені нағыз отаншылдығы емес пе?
Әмина Афлединқызы математик болуды армандаған екен. Алайда бұл мамандық бойынша Алматы немесе Шымкент қалаларының жоғарғы оқу орындарында ғана білім алу қажет еді. Бөтен қалаға кетуіне әкесі қарсы болады. Ағалары қарындасының көңілі үшін тәрбиеге қатаң әкені қаншама рет көндіруге тырысса да онысынан түк шықпады. Ақыры сол жылы оқуға түсе алмайды. Индо Беридземен шаңырақ көтереді. Өмірлік серігі «Ильич» совхозында бас бухгалтер қызметін атқарды. Күйеуі екеуі тату – тәтті күн кешіп, төрт қыз тәрбиеледі. Қыздары бойжетіп өздері қалаған кәсіптің тізгінін ұстап белгілі маман болды. Жолдасы 1995 жылы 62 жасында өмірден озды. Әжеміз құдайдың берген сегіз немересінен, 10 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтарына аталарының есімін ұмыттырмай, ұлағатты өмір жолынан сыр шертіп отырады. Әкесі Афлединнен, анасы Шайназдан үйренген тәлімі көп.
Бір әулеттің еркесі, алты баладан кейін туылған үйдің кенжесі Әминаның түп тамыры — Грузияның Ахыска қаласы. Әкесі Афледин – шопан, анасы Шайназ – сауыншы болған екен. Жеті баланың үшеуі сәби шағында шетінеп кеткен екен.
Жер дүниені сілкінткен соғыс жүріп жатқан уақытта бұр нәбәрі төрт жастағы ойын баласы болатын. Әкесінің інілері Мұса мен Висаль да өзге қатарластарымен бірге ұрыс даласына аттанады. Мұса сол кеткеннен мол кетті, оралмады. Ал Висаль майдан аяқталған соң туған еліне деген сағынышын арқалап құстай ұшып келеді. Алайда өскен ауылының қираған қалдықтары ғана қалған бейнесін көріп есеңгіреп қалады. Жұртта қалған бірлі – жарым ағайын отбасын 1944 жылы Қазақстанға жер аударылғандығын, сол жерден іздеу керектігін айтады. Қазақ даласын шарлап жүріп Вайсаль әрең дегенде өз жақындарымен қауышады.
Бұл жөнінде Әмина әже тебірене еске алды. «1944 жыл. Алаңсыз жатқан ауылдың қас қағым сәтте көз ілеспес жылдамдықпен апыр – топырын шығарып, күштеп зат секілді вагондарға тиеп, туған жерімізден үдере көшірді. Мен ешнәрсенің байыбына бара бермейтін төрт жасар кішкентай ғана қызбын. Қайда барамыз, ендігі күніміз не болады деген қорқынышты ойларға шырмалып келе жатқан ауылдастарымның көздеріндегі үрейді бала болсам да сезініп едім. Жолда келе жатып инфекция түсіп қатты сырқаттанып қалыппын. Жолсеріктер тексеруге келгенде анам көріп қоймасын деп мені көйлегінің етегіне жасырып қояды. Егер ауырып жатқанымды көрсе олар мені анамнан айырып, жолда кезіккен ауруханаға қалдырып кетер ме еді?! Десе де Қазақстан бізді жылы қарсы алды. Осындай меймандос, жүздері жылы, жүректері жомарт, ақкөңіл халықпен бір көргеннен етене жақын араласып кетеміз деп ойладық па екен? Біз қоныстанған ауыл — Свердлов ауданы, Амангелді колхозы болатын. Біздермен бір үзім наным бөлісіп жеген қазақ жұртына алғысым шексіз» деп шын ықыласын білдіріп те жатыр әңгіме арасында. Тағы бір айтары, соғыста қаза тапқан Мұса ағасының отбасын Өзбекстанға жер аударған екен. Бірнеше жыл өткен соң олармен де қайта қауышып көзайым болыпты.
Қазіргі тұрып жатқан Ақбұлым ауылына 1954 жылы көшіп келіпті.