Қазақ соқырлар қоғамының бастауыш ұйымы Талас аудандық бірлестігі құрылып, жұмыс істеп жатқанына біршама жылдың жүзі болған. Құрамында 41 зағип мүшесі бар. Көбісі 1 топ мүгедектері. Бірлестік төрағасы Виктор Авиловтың жұмысы тынымсыз.
Бірлестіктің жұмысының нәтижелі екенінің бір дәлелі — соңғы кездері аталған ұйымға көмек сұрап қайырылатын мүгедектер саны артқан. Олар тек зағип жандар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі топқа жататындар әлеуметтік аз қамтылған жандарға арналған әлеуметтік дүкен ашу жөнінде өтініш білдірген.
— Нарықтың шарықтап тұрған уағында мемлекеттен мүгедектіктері үшін берілетін қаражаттың дәрі-дәрмектен артылмайтыны айтпаса да белгілі. Бұл қосымша табысы жоқ мүгедектер үшін өте қиын жағдай. Осы азаматтардың құқығын қорғай отырып, өтініштеріне байланысты шешім қабылданып, барлық құжаттар дайындалды. Дүкен жұмысын бастау үшін «Қаратау» атты қоғамдық біріктірілген қор құрылды. Мүгедектер мәселесін шешуге мүмкіндік жасауды сұрап « Nur Otan» партиясы аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдауларда болдым. Барған жерім жылы қабылдап, қолдарынан келген көмектерін аямайтынын жеткізді. Әсіресе, алғашқылардың бірі болып, бастаманы құп көріп, көмек қолын созған жомарт жан «Talas Investment company» ЖШС-нің бас директоры Е.Нұрханов мырзаға алғысым шексіз, — дейді Виктор Иванович.
Әрине, мұндай қамкөңіл жандарға көмектескендерді Жаратушының жарылқайтыны анық. Соны біле тұра қайырымдылыққа салқын қарайтындар да жоқ емес. Жұрттың бәрінің алақаны Нұрхановтың алақанындай ашық болса, қанекей!