59 Социалистік Еңбек Ері мен Кеңес Одағының екі батырына, Ауған соғысының батырларына арналған бұрыш та келушілерге көп әсер сыйлайтыны анық. 57 кило кір тасын жалғыз саусақпен көтерген, әлем чемпионы Пантелей Феликидидің спорттағы жетістігі, жалпы ауданнан шыққан даңқты спортшылар, жазушы , ақындар жайлы да мұнда көп мәліметтер бар. Осы музейдің алғаш құрылуына, жасақталуына, жәдігерлердің жиналуына белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаровтың сіңірген еңбегі үлкен екен. Шорабек Бәтейұлы Таластың әр ауылдарынан тарихи деректер мен жәдігерлерді арнайы барып жүріп өзі жинаған. Оған Білім беру ісінің үздігі Бақытжан Мақашев көмектесіп, үлесін қосқан. Осы музейді ұзақ жыл басқарған Сабыр Қылышбеков, Нарша Қашағанұлының еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Бұл музейді қазіргі таңда Нарша ақынның баласы Ербол (Тайлақ) Наршаұлы басқарса, экскурсоводы Айнұр Сұлташеваның белсенділігін айта кеткен жөн. Музейде таластық белгілі ақындар Рафаэль Ниязбекке, Нарша Қашағанұлына , Серік Томановқа арналған бұрыштар бар. Көне ғасырларға куә болған самаурын, келі, диірмен, өзге де құндылықтар да тарихымен көз тартатыны анық.