Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты да аяулы қарттарымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Осы ретте қарттар мерекесі аясында жетісайлық жастар қарттарға құрмет көрсету мақсатында Қазыбек би ауылдық округінде тұратын Қанжігітова Қалдығыз апаның үйіне барып, аула жұмыстарына жәрдем етті. Үй ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қораны шөптен тазартып, күл-қоқыстарын шығарып қолғабыс етті.
«Қайырымдылық жасасаң қайырымын өзің көресің» дегенді нық ұстанған жастар «мақсатымыз — азаматтарды сауапты істерге тарта отырып, ізгілікті насихаттау» дейді.
Ал, Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің бастамасымен Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының Мырзакент шекара бөлімшесіне экскурсия ұйымдастырылып, жастар сарбаздардың күнделікті өмірімен танысты.
“Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран”атты тақырыпта өткен шараның мақсаты – жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен батылдықты арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру.
Бөлімге келген қонақтар әскери қызмет атмосферасына бөленді, оларға әскери техника мен киім үлгілері, қару-жарақ пен арнайы құралдар көрсетілді. Сонымен қатар студенттерге қылмыскерлерді ұстау кезінде қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысы туралы айтылды және төрт аяқты тәртіп сақшыларының командаларды қалай орындайтынын, жасырын заттарды қалай іздейтінін көрсетті.
Жас ұрпақтың назарына жауынгерлік қызмет пен Қарулы Күштер дәстүрі, сондай-ақ ата-баба тарихы мен ерлік мұрасы, ұрпақтар сабақтастығы жөнінде ақпарат жеткізілді. Жастар да өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ақпараттарға ие болды.
Осылайша, әскери бөлімге бару жастар үшін есею жолындағы маңызды қадам болды. Олар Отанды қорғау туралы тереңірек түсінік алды және Армияның жауынгерлік қуатын көріп, әскери қызметті құрметтеуге үйренді.
Сондай-ақ, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің және “Jas Qadam” еріктілер ұйымының ұйымдастыруымен Арыс қаласындағы Т. Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы орталығында “Бар мейірімділік балаларға атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік шараның басты мақсаты: балаларға көтеріңкі көңіл-күй, қуаныш сыйлау, қамқорлық жасау және бауырмалдыққа тәрбиелеу.
Балалар – бұл әрбір шаңырақтың шамшырағы, қоғамның құнды қазынасы, ертеңгі күннің тірегі, әрі келер келешектің келбеті. Оларға қоғам болып қолдау көрсету, әрі жан жылуына бөлеу – адам болмысындағы құнды қасиет парасаттылықтың жарқын көрінісі.
Мереке барысында ерікті жастар түрлі жанрдағы кейіпкерлердің образында балалардың көңілін көтеріп, қызыққа толы ойындар ойнатты. Талантты балалар үздік сахналық билерін билеп, мазмұнға толы әндерін шырқады. Барлық бүлдіршіндерге арнайы тәттілер сыйға тартылды.
Шара соңында балалар мен олардың тәрбиешілері ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.
Тағы бір айтары, Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “SUPER КЕЛІН” келіндер сайысы өткізілді. Жас келіндер сынға түскен байқауға Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Аханқызы арнайы мен Жетісай ауданы әкімдігінің “Персоналды басқару” бөлімінің бас маманы Гүлмира Менісбаева арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақ мәдениетін жаңғырту, қоғамда отбасы мен некенің маңыздылығын қалыптастырып, отбасындағы келіннің рөлі мен міндеттерін айшықтау, ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміздің құндылықтарын қайта жаңғырту мақсатында өткен сайыс аудандық Мәдениет үйінде өткізілді. Сайысқа 9 келін қатысып, 4 шарт бойынша өзара бақ сынасты.
Келіндердің өнеріне аудандық “Әжелер алқасының” төрайымы Рашида Мауленова, аудандық Мәдениет үйінің хормейстері Сәнім Ермекбаева, “Керемет келін” телевизиялық бағдарламасының үздік қатысушысы Перизат Егемберді әділ-қазылық жасап, өз бағаларын берді.
Байқау шарттары бойынша жас келіндер бар өнерлерін ортаға салып, өздерінің үй шаруасының ғана білгірлері емес сөз саптауларымен, ерекше өнерлерімен және тапқырлықтарымен көзге көрініп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Төрт кезең бойынша бақ сынасқан келіндердің ішінде барлығынан өзінің өнерімен оза шапқан Парман Айзада үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді.
1-орын Қалмат Гүлзаттың иелігіне бұйырса, жүлделі 2-орын Смайлова Мөлдір мен Сван Аяулымның қанжығаларына байланды. Ал 3-орынға ие Социал Ақшархат ие болды. Сонымен қатар белсене қатысқан келіндерге «Зерек келін», «Ибалы келін», “Өнерлі келін”, “Үлгілі келін” номинациялары берілді.
Өнерімен өзгелерден оқ бойы озып, жүлделі орындарға ие болған сайыскерлерге, басқа да қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы номинациялар бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жетісай ауданының ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында, жастар көп шоғырланған орындарда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы үнпарақтарышалар таратты.
Іс-шараның мақсаты-жастарды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы және мамандық таңдау мәселелері бойынша кеңес беріп және жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беруге дайындау туралы ақпарат беру.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Жастарды еңбекпен қамтитын түрлі шаралар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарға қолайлы мүмкіндіктер алаңы ашылуда. Білім алып, белгілі бір маман иесі атанған және өз кәсібін ашып шаруасын ілгері жылжытуға ниеттенген жастар үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары мол болмақ.
Сондай-ақ Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен “Жанықұл” медициналық колледжінде «Қылмыссыз — болашақ!» атты тақырыпта құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша колледждің студент жастарымен кездесу өткізілді.
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Нұршарифиддин Мейірбек, орталық инспекторы Әмір Әбдісалам, психологы Жазира Қайратқызы және колледж ұстаздары мен студенттер қатысты.
Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылық алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Жиында жастарға Жастар орталығының атқаратын қызметі жайлы толық ақпарат беріліп, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кеңестер айтылды. Сонымен қатар кездесуде буллинг, кибербуллинг, лудомания, интернет алаяқтық секілді өзекті мәселелер қозғалып, жастар мен жасөспірімдерге мұндай қатерден бойларын аулақ ұстауға шақырды.
Құқық бұзушылықтың барынша қауіпті түрі қылмыс болып табылады. Қылмыстың өтеуі — жаза.
Сонымен қатар кездесуде жастардың қылмысқа баруының алдын алу және әкімшілік құқық бұзушылық жасамау, есірткі, темекі, электрондық темекі бұйымдарын пайдаланбау мақсатында профилактикалық тәрбие жұмыстары жүргізілді.
Фото: Мақтаарал Ауданы Әкімдігі