Жаңа өндіріс ошағы Шу ауданы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағында орналасады. Зауыт 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде. 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Жылына 2 ГВт жел электр станциясына қажетті құрал-жабдықтар құрастырылады.
Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықты ғана емес, экспорттық әлеуетті де қамтамасыз етеді.
Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 3,3 трлн. теңгенің 80 жобасы бар. Ол 6 362 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,6 трлн. теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Онда 4 500 жұмыс орны ашылады.
Ағымдағы жылы 1 453 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 214 млрд. теңгеге 35 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 146,7 млрд. теңгеге 20 жоба іске қосылып, 674 жұмыс орны ашылды.
Айта кету керек, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту бойынша көш бастап тұр.
Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, сондай-ақ Алматыдағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй мен Sany Renewable Energy компаниясының өкілдері қатысты.