Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде 11 маңызды мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, облыстың экономикалық дамуына тоқталды.
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, алдын-ала есеп бойынша 8 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8% деңгейінде қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі сақталды. Өнеркәсіп саласында 982,3 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артты. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында биыл өңдеу саласында 61 млрд. теңгеге 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 8 айда 3 ірі зауыт іске қосылды. Бұдан бөлек, Созақ ауданында жоба құны 74,7 млрд.теңгені құрайтын табиғи уранды өңдеу зауыты ашылды. Жалпы 100 га аумаққа Шағын өнеркәсіптік парк жобасы аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Өткен жылы 11 ғимарат салынып, құны 36,5 млрд. теңгеге 11 жоба іске қосылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылды. Мұнда кәсіпорындар ашылып, 3000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Жыл басынан өңірге 783 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе жоғары, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сессияда Түркістан облысының туризм басқармасы басшысының, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының есебі тыңдалды. Сонымен қатар кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
Соңғы жылдары Түркістанда әлеуметтік нысандар салынып, халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамтуға бағытталған жобалар мен жоспарлар жүзеге асуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі бастамалардың ішінде жұмыс орындарын ашуға басымдық беріліп отырғанын айтады.
Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Қамқорлық» менталды бұзушылықтары мен мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ем алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Тиісті мамандармен, жабдықтармен қамтылған. Орталық 3 пен 18 жас аралығындағы 125 балаға арналған. Бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген 390 млн. теңгенің 65%-на (227,0 млн.тг) құрал-жабдықтары жеткізілді және мамандар біліктілігін арттыру курстарынан өткізілді. Маңызды орталықтың ресми ашылуы қазан айының соңында өтеді деп жоспарланып отыр.
2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында облыста 130 мыңнан аса жұмыс орнын құру көзделген. Бұл республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5%-ын құрап, ең жоғары көрсеткіш болып қалыптасты (ҚР – 903198 жұмыс орны). Жыл басынан бергі 8 айда 100 807 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде: тұрақты жұмысқа 59925 азамат, уақытша жұмысқа 40882 азамат орналасқан. Ұлттық жобаларға – 3 156 азамат, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы бойынша 27 617 азамат, тұрақты жұмысқа 29425 азамат жолданса, субсидияланатын жұмыс орындарында 39 720 азамат жұмыспен қамтылған. 1788 тұрғынға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілген.
Фото: Inbusiness.kz