Мен жұмысқа орналасқан жаздың ыстық бір күнінде ауылдағы апам біреуден хат беріп жіберіпті. Тор көз дәптердің бір бетіне айбақ-сайбақ етіп жазылған апамның қолын бірден таныдым. Былай деп жазыпты: «Орал, сенбі күні Амангелді көкең қызының құдалығын шақырмақшы. Біз де құдаларды үйге шақыруымыз керек. Соған 1 литр спирт, сосын 5 «Юпи» алып беріп жібер». Апам өтінбейді, тек бұйырады. Ал бұйрық деген талқылануға жатпайды.
Ол кез жалақының кешігіп барып қолға тиетін кезі. Бас есепші Жусанбай ағадан қарызға 2 мың теңге сұрадым. Бірақ есепші аузын құр шөппен сүртіп отыр екен. Басым салбырап шықты.
— Айтпақшы, Орал, — деді бас есепші мен есіктен шыға бергенде. – Сен ертең Хантауға бара жатыр екенсің ғой. Бастыққа айтым, мен сенімен бірге баратын болдым.
— Сіз не жұмыспен барасыз Хантауға?
— Хантаудың военкоматының бастығы менің жақын ағам. Көрмегеніме 30 жылға жуықтапты. Әке-шешесі жоқ жетім бала болатын. 9-класта оқып жүргенде мен оны стансадан әскерге шығарып салғанмын. «Әскерге кеттік» деп аудан орталығына кеткенімен, бір аптадай сандалып сонда жүріп қалды. Сөйтіп аяқ астынан жинап, бір түнде пойызға салды да әкетті. Сол сәтте ағайын-туысқаннан ешкім болмай, мен ғана қоштасып үлгердім… Содан ол әскерде командирінің қызына үйленіп, Ресейде біржолата қалды. Қайын атасының арқасында әскери оқу бітіріп, үлкен қызметке орналасты. Бірақ осы уақыт ішінде елге бір рет келген емес. Соңғы жылдары ғана тәуелсіздік алып, ел арасы бөлінген соң туған жерге жақындапты. Сол бауырымды көріп қайтсам ба деп едім…
… Ертеңіне Жусанбай аға екеуміз Хантау қаласына түске таяу жеттік. «Түскі үзіліс болып қалды,бәрі кетіп қалған шығар» деген күдік көңілде тұрса да қалаға кірген соң сұрастырып жүріп бірден әскери комиссариатқа бардық. Барсақ, шынында бәрі үзіліске кетіп қалыпты. Кезекші жас жігітке Жусанбай аға тәптіштеп түсіндіріп жатыр. «Бастығына айт, Жусанбай деген інісі келді, ауылдан келді деп айт… Бүгін осында боламыз. Келе салысымен хабарлассын».Түс қайта әкімшіліктің бір қызметкерін қосып алып, қала аралап кеттік. Бірақ «военкомнан» еш хабар болмады. Амал жоқ, жұмыс уақыты аяқтала бере, әскери комиссариатқа қайта соқтық.
Келсек, «военком» орнында отыр екен. Бас есепшіміз отыз жыл көрмеген ағасын зорға таныды. Екеуі өте ұзақ сөйлесті. «Пәленше қалай?» дейді «военком». «Ой, ол көкемнің өмірден өтіп кеткеніне қанша жыл, қазір балалары ер жетіп қалды» дейді Жусанбай аға. Кейбір кісілерді тіптен ұмытып қалған екен. Жусанбай аға есіне салып жатты. Стансадан әскерге шығарып салғаннан кейін бірін-бірі мүлдем көрмеген. «Сол жылы пойызда қалай бардыңдар, қасыңдағы жігіттер өлесі мас еді ғой, әйтеуір тиіспеді ме?» деп қояды Жусанбай аға. Арада қаншама жыл өтіп кеткен, ананың есінде ештеңе қалмаған ғой деймін «жақсы жеттік» деді де қойды.
«Военком»: «ал, Жусанбай, жүріңдер, бір жерге барып сенің келгеніңді жуайық»деген соң бәріміз қаланың шетіндегі бір шағын кафеге келдік. Оның қасында екі жолдасы, яғни, екі орынбасары бар. Салқын сырамен арақ араласқан соң олар тез қыза бастады. Біраздан кейін «военком» орынбасарларымен оңашада бірнәрсені ақылдасты да, біреуі көлікке мініп кетіп қалды.
Осы сәтте бас есепші мені былайырақ шақырып: «Орал, байқаймын, мына бауырым мені үйіне шақырмақшы. Соған ана жігітті жеңгемізге жұмсап «ет аса бер» деп тапсырма берді-ау деймін. Мен араққа қызып қалдым. Сондықтан ағамның үйіне барғанда ұят болмасын, мына ақшаға жеңгемізге, балаларына бірдеңе аларсың. Әйтпесе мен ұмытып кетемін… Не алатын өзің білерсің. Бірақ міндетті түрде бір «шампанский» ал. Жеңешем орысша тәрбиеленген ғой, үйіне кіргенде қолына ұстатамын» деп бүктелген ақшаны көйлегімнің төс қалтасына сала салды. Басқа-басқа ақшаны жазбай танимыз ғой. Көзімнің қиығымен байқап қалдым, қалтама салғаны 5 мың теңгелік. «Кеше ғана қарызға 2 мың теңге жоқ» деп едіңіз ғой» деуге ұят. Үндеместен басымды изей бердім.
Шынында біз бірден жиналып, көлікке отырдық. «Қайда барамыз?» деген сұрағымызға «военком» күлді де қойді. Қаланы қақ жарып өтіп, айдаладағы бір көлге келдік. Жел ұйытқып, көлдің суы жағаны ұрып тұр. «Балық аулаймыз» деді «военком». «Әзіл шығар» деп ойладым. «Үйіндегі ет піскенге дейін біраз серуендетейін» дегені шығар» деп жорамалдады бас есепші ағамыз. Көлді жағалап аздап алыстап кеткен екенбіз. Бір «Москвичтің» жақындағанын байқамай қалыппыз. «Военком» бізден алысырақ тұрған. «Москвич» тура соның жанына тоқтады да ішінен бір дәу әйел түсті. Түсті де жерден жұдырықтай тас алды. Сол-сол-ақ екен, «военком» қашып кеп берді. Әйел қуып кеп берді. Қанша дегенмен әскери адам ширақ келеді ғой. Әйел қуып жете алмайтынын білді ме, тасты жіберіп ұрды. Құдай сақтап, тимей қалды әйтеуір… Екеуі екі жерде тұрып айқаласып жатыр. Жел ұйытқып сөздерін бір естіртіп, бір естіртпейді. Бірақ естіген сөздерден аңғарғанымыз – бұл қатын «военкомның» әйелі, яғни Жусанбай ағаның жеңгесі. «Военком» байғұс ақталып жатыр.
— Ой, сен алдымен түсінсеңші, қаншама жылдан бері көрмеген бауырым келіп жатыр ауылдан. Сонымен бірге жүрмін…
— Бауырыңның да, басқаның да… Сені адам қылған менің әке-шешем. Оқытты. Қызмет берді. Осы қызметте жүргенің менің папамның арқасы. Керек емес, маған ағайының да, бауырың да… Қайт деймін үйге…
Жел ұйытқып кетті де, долданған қатынның сөзін ары қарай естіртпей тастады. Бір кезде «военком» көлігіне отырды. Қатыны қасына жайғасты. Орнынан ышқынып барып қозғалған көлік тура біздің қасымызға келгенде кілт тоқтады. Дәу қатын бедірейіп отыр. Біз жаққа мүлдем мойын бұрып қарамады. «Военкомның» жүзі сынық, үні бәсең.
— Ал, Жусанбай, жағдай осылай болып қалды… Ауылға сәлем айт. Ағайындарға сәлем айт.
Ескі «Волганың» артқы дөңгелектері шыр айналып, құмды шашыратқан күйі қозғалып жүре берді.
Түнделетіп бас есепші екеуміз қалаға қайтып келе жатырмыз. Көліктің іші өлі тыныштық. Жусанбай аға рулге жабысқан күйі жолдан көз алмайды. Тек анда-санда «бауырым біткен екен ғой» деп күбірлеп қояды. «Мынаны не істейін?» деп 5 мың теңгелікті көрсеттім. Бас есепші көзін жолдан алмады, тек «Кеше қарыз сұрап едің ғой, мен саған қарызға емес, басы бүтін бердім, ала ғой» деді. «Рахмет, бірақ бәрібір айлықтан қайтарамын» деп қалтама салып алдым.
Содан екеуміз қалаға келгенше тырс етіп үндеген жоқпыз.
Оралхан ДӘУІТ, «Ақ самаурын» кітабы