Иә, өткен жылдың жазынан бері қарай БАҚ беттерінде «Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді» деген ақпаратқа толып кеткен еді. Тараз қаласы тұрғындарының саны 400 мыңнан асқаннан кейін жергілікті әкімдік көне шаһардың бас жоспарын өзгертуге, екі ауданға бөлуге ұсыныс жасаған болатын.
Міне, биылғы жылдың жазы өтіп, күзі басталғалы тұр. Ендеше Таразды екі ауданға бөлу ісі неге созылып кетті? Не кедергі болуда? Біз мұны Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орыбековтен сұрап білдік.
— Биылғы жылдың қаңтар айында қаланың бас жоспары бекітілген болатын, — деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарымен кездесуінде. — Қолданыстағы заңға сәйкес қаланың жаңа шекарасын облыстық мәслихат бекітіп берді. Енді Үкіметтен келісім келгеннен кейін облыстық мәслихаттың шешімі қабылданады. Сосын екі аудан құрылады. Бұл әрине, үлкен жұмыс. Барлық мемлекеттік органдардың келісімі керек. Министрлік, комиттер бұл істі асықпай тыңғылықты қарайды. Заң тәртібі солай, оны айналып өте алмайсың. Енді жыл соңына дейін осы жұмыстар толық аяқталып, екі ауданды құру туралы қаулы қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Айта кету керек, өткен жылы Тараз қаласында жаңадан құрылатын екі ауданға қандай атау берілетіні қызу талқыға түсіп, қоғам белсенділері тарапынан түрлі ұсыныстар айтылған еді. Оның ішінде екі ауданға «Алатау» және «Қаратау» атауын беру туралы ұсыныстар қолдау тауып, Тараз қаласындағы «Алатау» (8), «Қаратау» (2) ықшамаудандарының атауы ауысатын болған.
Фото: Тараз қалалық әкімдігі