Тараз қаласының перинаталдық орталығында салмағы бес килограмм сәби дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 сәуірде Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталды орталығына жүкті әйел түскен. «Әйел қатты толғатып келді. Дәрігерлер оны қарап шыққан соң бірден консилиум шақырды, өйткені бұл — ерекше жағдай еді, — дейді басқарманың баспасөз қызметі. – Шақалақтың ірілігімен қоса басқа да проблема болды — нәресте басымен емес, бөксесімен келіп тұрған болатын. Сондықтан қалай босандыру мәселесін шұғыл шешу керек болды».
Мамандардың айтуынша, жамбаспен келген баланы әдетте табиғи жолмен дүниеге әкелуге толық мүмкіндік бар, ондай деректер аз емес. Алайда дәл осы жағдайда нәрестенің ірі болуы, сондай-ақ ананың метаболикалық синдромы оған кедергі жасады.
Сондықтан шұғыл түрде кесір тілігін жасау жөнінде шешім қабылданды. Отаны клиниканың ұйымдастыру-әдістеме бөлімінің басшысы Бағдат Нұрмахан және қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Тоқбергенова жасады. Операция сәтті өтті, салмағы бес келі және бойы 62 сантиметр болатын қыз дүниеге келді.