Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ жастардың қоғамдық белсенділігін күшейту.
Сенбілікке Жамбыл облысының жастары, Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері, волонтерлер, сондай-ақ Абай, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан арнайы келген жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты.
Акция барысында қатысушылар «Қарахан» кесенесі аумағы мен «Жерасты мешіті» тарихи нысанының (Түйте каналы маңы) айналасында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты абаттандыруға өз үлестерін қосты. Олар қоқыстарды жинап, тарихи-мәдени нысандардың айналасын ретке келтіріп, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған жұмыстар атқарды.
Республикалық жастар сенбілігінің қасиетті «Қарахан» кесенесі аумағында ұйымдастырылуы табиғатты қорғау ісін тарихи-мәдени мұраларға деген құрметпен ұштастыра отырып, қоғамның назарын экологиялық мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтауға аударуға мүмкіндік берді.
Мұндай игі бастама өңірлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жастар саясаты саласындағы өзара әріптестікті дамытуға және жастарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға белсенді қатысуға ынталандырады.
Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Қазақ хандығы» монументі аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Тарихи өлкенің тазалығы» атты экологиялық акция өтті.
Экологиялық шараға жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен мамандары, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар «Қазақ хандығы» монументінің аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтірді, жасыл желектерді тазалап, абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты. Жиналған қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, тарихи нысанның айналасының санитарлық тазалығы қамтамасыз етілді.
«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны тазартумен ғана шектелмейтін, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Мұндай игі шаралар әрбір азаматтың туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса алатынын көрсетіп, жастардың қоғамдық белсенділігі мен экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи және мәдени маңызы зор «Қазақ хандығы» монументінің аумағын таза ұстау – ортақ міндет. Осындай сенбіліктер тарихи мұраға құрмет көрсетудің, қоғамдық кеңістікті күтіп ұстаудың және экологиялық мәдениетті нығайтудың жарқын үлгісі болып табылады.
Фото: aqjolgazet.kz


