«Агротехнологияның бұзылуы, егіншілік мәдениетінің төмендігі және тауар өндірушілердің ауылшаруашылығы білімінің нашарлығына байланысты жағдай күрделеніп барады. Осының бәрі жердің тозу проблемасын көрсетіп отыр. Қазақстанның бүкіл аумағының 75%-дан астамы тозығы жеткен жер болып саналады. Салыстырмалы түрде қалған 25% құнарлы топырақ аэрогендік әсерге төзімділік дәрежесінің төмендігіне байланысты генетикалық анықталған қасиетін жоғалту қаупі бар», — деді сенатор.
Закиржан Кузиев Қазақстан бүгінде жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұрғанын атап өтті. Дегенмен, депутат тарапынан, тыңайтқыштарды дұрыс қолданбау топырақтың азып-тозу жылдамдығын арттырады және жайылым өнімділігінің төмендеуіне әкелетіні айтылды.
«Өкінішке орай, соңғы жылдары Қазақстанда топырақтану ғылымы назардан тыс қалып келеді. Біздің еліміздің басқа елдерден айырмашылығы – осы уақытқа дейін топырақтың анықтамасы, оның құнарлылық жағдайы мүлде реттелмеген. Осыған байланысты «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2025-2035 жылдар кезеңіне арналған «Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру» ұзақ мерзімді мемлекеттік ғылыми мақсаттағы бағдарлама қабылдау қажеттігі туындап отыр», — деді Закиржан Кузиев.