Мемлекет басшысы осы аптада медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде «Ең алдымен баршаңызға медицина қызметкері күні құтты болсын деймін. Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын.
Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз.
Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен. Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін» деп сала мамандарының жұмысын жоғары бағалады.
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде де Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер күн сайын адам жанына қамқор болып, саулық сыйлап келесіздер. Сондықтан халық сіздерді «Ақ халатты абзал жандар» деп құрметтейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын сақтауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап келеді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Мемлекет басшысының осы саясатын іске асыру аясында және Үкіметтің ерекше қолдауымен Түркістан өңірінде де денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыста 115 медициналық нысан салынды. Бүгінде тағы 25 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдар 1548 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Жоғары технологиялық құрылғылар іске қосылып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы берілді. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндікті молайтты. Адам үшін ең қажетті емдік шипа – жүректен шыққан мейірім мен жылы сөз. Сіздердің күнделікті қызметтеріңіз дәл осы мейірімнен бастау алады. Сіздер адамға ем ғана емес, сенім мен үміт сыйлайсыздар. Ел амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деген Нұралхан Көшеров үздік атанған медицина саласының өкілдерін марапаттады.
Атап айтқанда, үздіктерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің грамотасы табысталды.
Марапаттау рәсімінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуында үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті тапсырылды. Сонымен қатар өңірдегі бес оңалту орталығына демеушілер есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға арналған 2 миллион теңгелік сертификаттар берілді.
Іс-шара аясында қатерлі дерттен айығып шыққан азаматтар сөз сөйлеп, өз өмірлерін сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға алғыстарын жеткізді.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетті. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің марапаттары тапсырылды.
Мерекелік іс-шара барысында елімізге танымал өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Фото: Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі



