6 наурызда халықаралық Visa және Mastercard төлем жүйелері Ресейдегі қызметін тоқтатқаны белгілі болды. Осыған байланысты қазақстандық банктер өз тұтынушыларына мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық төлем жүйелерінің шешімі 10 наурыздан бастап күшіне енеді. Нәтижесінде Ресейде шетелдік банктердің карталары жұмыс істеуін тоқтатады. Ал ресейлік банктердің карталары Ресейден тыс жерде жұмыс істемейді.
Сәйкесінше, қазақстандықтар Ресей жерінде қазақстандық карталарды пайдалана алмайды. Ал ресейлік банктердің карталарын ұстаушылар оларды Қазақстан аумағында қолдана алмайды.
«СберБанк Қазақстан» және «Альфа-Банк Қазақстан» карталары бар қазақстандықтар үшін Ресей Федерациясын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде операциялар жүзеге асырылады.
Бұл шешім тек Ресейде карталарды пайдалануға және ресейлік карта иелеріне қатысты. Қазақстан аумағында және Ресейден басқа кез келген өзге елде қазақстандық карталар шектеусіз жұмысын жалғастыра береді.
Ресейде жүрген қазақтар Ресей аумағында есеп айырысу үшін қолма-қол ақша алуы немесе ресейлік банктердің картасына ақша аударуы қажет.
Шектеулер тек Visa және MasterCard төлем жүйелері бар карталарға қатысты, Union Pay және MIR төлем жүйелері әдеттегідей жұмыс істейді.