Халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі белсенді шаралардың арқасында 2001-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанда кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7%-дан 5,3%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«Елдегі кедейлік деңгейінің серпінді төмендеу үрдісі 2000-2005 жылдар кезеңінде қолданыста болған республикалық бағдарламаларды іске асырудың нәтижесі болды. Бұл үдерісте 2002 жылы күшіне енген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның қабылдануы ерекше рөл атқарды. Бұл құжатта қандай да бір объективті себептерге (жасына, уақытша еңбекке жарамсыздығына, денсаулық жағдайына, жұмыстың болмауына және т.б.) байланысты өз тыныс – тіршілігі үшін жағдайларды қамтамасыз етуде қиындық көріп отырған табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету көзделеді», делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, елдің индустриялық дамудың жаңа кезеңіне өтуі жағдайында қолданыстағы ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау, АӘК күшейту, енжар көмектен өмірлік қиын жағдайды еңсеру үшін отбасылардың еңбек белсенділігі мен күш-жігерін ынталандыратын белсенді саясатқа көшу қажеттілігі қалыптасты.
«Осыған байланысты «5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру шеңберінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап аз қамтылғандарға арналған төлемдердің 3 түрін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің бір төлеміне трансформациялау жүргізілді. Бұл ретте осы төлем 2 түрге жіктелген: шартсыз және шартты ақшалай көмек», делінген хабарламада. Ведомствоның түсіндіруінше, шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектердің немесе зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғыз басты ана) көрсетіледі. Сондықтан мұндай отбасылар үшін жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
«Шартты ақшалай көмек құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік мшарты жасалған және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда ұсынылады», – деді ҚР Еңбекмині Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін 2020 жылдан бастап қолданыстағы АӘК беру жүйесі түзетілді. Басты бағдар еңбекке ынталандыру, аз қамтылған азаматтардың табыстарын есепке алуға және мемлекеттік қолдау мөлшеріне қатысты ашықтықты қатамтамасыз ету болды. Енгізілген шараларды іске асыру кешенде жүзеге асырылады, мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:
— көп балалы аналарды қолдау;
— жаңғыртылған АӘК;
— кепілдік берілген әлеуметтік топтама.
АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері:
1. 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған мөлшерде төленетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл ретте АӘК шеңберінде балаларға белгіленген төлем алынып тасталды. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны орта есеппен 443,5 мың отбасы жалпы сомасы 210,2 млрд теңгеге алды.
2. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі жаңғыртылды: — тоқсан сайынғы АӘК тағайындау қайтарылды; — АӘК еңбекке қабілетті алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді, яғни олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ұсынылған белсенді шараларынан бас тартқан жағдайда, АӘК алу құқығын отбасының барлық мүшесі жоғалтады; — учаскелік комиссиялар институты күшейтілді.
Олардың қызметінің тиімділігін арттыру үшін отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұзартылды.
«1 қазанда АӘК 189 мың отбасына немесе 903,9 мың адамға тағайындалды, оның ішінде шартсыз ақшалай көмек – 129,2 мың адам немесе барлық АӘК алушылардың 14,3% — ы (35,7 мың отбасы), шартты ақшалай көмек – 774,7 адам немесе 85,7% (153,3 мың отбасы). Шартты ақшалай көмек алатын еңбекке қабілетті АӘК алушылар санынан (252,5 мың адам) жұмыспен қамтылғандар мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандар саны 176,6 мың адамды немесе 69,9% – ды құрады», — деді Асқар Ниязов.
3. Оқу орны бойынша тегін тамақтануды, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, мектеп формасымен және керек – жарақтармен қамтамасыз етуді, мектеп жасына дейінгі балалар үшін азық – түлік жиынтықтарымен және гигиеналық керек-жарақтармен қамтамасыз етуді көздейтін 1 жастан 18 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылар қатарындағы балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. 1 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік топтама алушылардың саны — 450,3 мың бала, оның ішінде 1 – ден 6 жасқа дейінгі балалар – 230,5 мың, мектеп жасындағы балалар – 219,8 мың.
Жалпы, республикада 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 55,4 млрд теңге төленді, оның ішінде АӘК – 47,2 млрд теңге, әлеуметтік топтама – 8,2 млрд теңге. «Еңбекке ынталандыруға және табысы аз отбасылардың өмірлік қиын жағдайды еңсеруіне бағытталған енгізілген шаралар АӘК алушылар санын 2,3 есеге – 2019 жылғы 2 млн 177,2 мың адамнан 2020 жылы 936,2 мың адамға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Жалпы, жаңа тәсілдер табысы аз азаматтарға көмек көрсетудің атаулылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және оларға еңбекке жаңа ынталандыру береді», – деп түйіндеді Асқар Ниязов.