Оның айтуынша, мемлекеттік мектептер әкімдіктерге қарайды. Яғни, мектептерді жабдықтау, материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілуі тиіс.
«Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдерден мектепті жөндеуге ақша жинауға болмайды. Биыл сәуір айында «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданды. Бұйрықта педагогтерді өздерінің жұмыстарына тән емес басқа жұмыстарға тартуға, олардан министрліктің 130-шы бұйрығында қаралмаған есептерді талап етуге болмайтыны нақты көрсетілген. Сонымен қатар педагогтер жұмыс барысында пайдаланатын қағаз немесе басқа да шығындарға өз қаражаттарын жұмсамауы керек. Бұл да осы бұйрықта көрсетілген»,— деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Мектепті жөндеуге ақша жинап жатса құзырлы органдарға немесе Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің жергілікті департаменттеріне шағымдануға болады. Құқық бұзу фактілері расталған жағдайда департамент қызметкерлері өздерінің консультативтік-кеңесші органда қарап, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес шара қолданатын болады.