Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының қорытындысы және АӨК дамуына тоқталды.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы 919 мың гектарға егілді. Оның ішінде, жаздық дақылдар 536 мың гектар, күздік егіс 208 мың гектар, ескі жоңышқа 175 мың гектар жерге себілді. Егіс құрылымына сәйкес, мақта 17 мың гектарға (162 мың га), мақсары 16 мың гектарға (85,4 мың га) жүгері 15 мың гектарға (55,2 мың га) артса, ал су шығынын төмендету бағытында күріш 7 мың гектарға (3,5 мың га) қысқартылды.
Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілді. Минералдық тыңайтқыштарды егіс алқаптарына 204 мың тонна енгізу жоспарланып, бүгінгі күнге 90 мың тонна енгізілді. Жеңілдетілген 53 мың тонна жанар-жағармайға қажеттілік анықталды. Бүгінгі күнге 23,7 мың тоннасы босатылды. Босату жұмыстары мерзімінде жүргізіліп жатыр.
Тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелендіруге 34 млрд теңге қаржы қарастырылған. Есепті кезеңде 25 млрд теңгеге 1722 жоба қаржыландырылды.
Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен ендіру тапсырмасы аясында биыл жоспар 27 мың гектар болса, 50 мың гектарға енгізіліп, жоспар 2 есеге артығымен орындалмақ. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы алқап 164 мың гектарды құрап, 280 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізіледі. Бүгінгі күнге су үнемдеу технологиялары жаңадан 37 мың гектар жерге енгізілді.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын шегіртке зиянкестерінен қорғау мақсатында фитосанитариялық мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Биыл 906 мың гектар аумақта зерттеу жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңда 889 мың гектар жер зерттелді. Өңдеу жұмыстарына арнайы техника, су тасымалдау көліктері, аэрозольді генераторлар, дрондар және авиациялық құралдар тартылды. Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шаралары тұрақты бақылауда.
Облыста мал шаруашылығының даму қарқыны жоғары. Республикадағы ұсақ малдың 20 пайызы (5224,5 мың бас), ірі қара малдың 13 пайызы (1249,6 мың бас), түйенің 14 пайызы (44,8 мың бас), жылқының 10 пайызы (530,9 мың бас) және құс басының 5 пайызы (2260,2 мың бас) облыстың үлесінде. 2026 жыл қаңтар-сәуір айларына 76 мың тонна ет (121,7%), 161 мың тонна сүт (98,6%), және 108 млн дана жұмыртқа (135%) өндірілді.
Өңірде эпизоотологиялық ахуал тұрақты. Ветеринариялық ұйымдарды материалдық қамтамасыз ету мақсатында жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 3,9 млрд теңге қаржы қаралып 4 ветеринариялық станция, 109 ветеринариялық бекет, 21 мал өлексесін тастайтын орындарды салыну үстінде.
Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 4 айда 4,2 мың тонна ірі қара мал еті, 9,4 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Үкіметтің тікелей қолдауымен облыста жалпы қуаттылығы 50 мың басқа арналған ірі бордақылау алаңы іске қосылды. Бұдан бөлек, 30 мың басқа арналған 6 кәсіпорын экспорттаушылар тізіміне енгізілді. Ет кластерін дамыту бағытында құны 54,1 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар арқылы 800-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған жобалардың нәтижесінде жылына 18 мың тонна ет, 90 мың тонна өңделген ет өндіріліп, жыл сайын 53,5 млрд теңгенің өнімі өндірілмек.
Ал, биыл Түркістан қаласында Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 19 жоба арқылы 136 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 3 жоба іске асырылып, 41 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша жылдық жоспар 1 250 орынды құрайды. Есепті кезеңде 383 жұмыс орны құрылып, бес айлық жоспардың орындалуы 93 пайызға жеткен. Тұрақты жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері 1 794 азамат жұмысқа жолданып, бес айлық жоспар 66,5 пайызға орындалды. Оның ішінде 1 644 азаматқа міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жылдық жоспар 1 600 орынды құраса, бес айдың қорытындысымен 1 232 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 103,9 пайызға орындалған. Оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 900, жастар практикасына – 164, әлеуметтік жұмыс орындарына – 97 және «Күміс жас» жобасы аясында 71 азамат жолданған.
Фото: NUR.KZ



