Міне, жақында үшем дүниеге келді. Оларға атасы, әжесі және әкесі Сафия, Самия, Садия деген есімдер берген. Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны Тұрсынай Орынбаева бұл орталыққа 4 мамыр күні жедел медициналық жәрдем көлігімен жеткізілген екен. Шұғыл әрекетке көшкен мамандар кесарь тілігі операциясын жасап босандыруға мәжбүр болған.
Бұл үш қыз осы орталықта өмір есігін ашқан алғашқы үшем. Шыр етіп іңгәлаған сәтте салмақтары 2 келіге де жетпепті: 1770, 1850 және 1990 грамм. Интенсивті терапия, күтіп бөлімшелерінде жатып емделіп, салмақ қосып, 2008, 2015, 2030 грамм болып оңалған нәрестелерді перзентхана басшылығы сый-сияпат, құрметпен қанағатттарлық жағдайда шаңырақтарына шығарып салды.
– Алғашқыда үшем дегенге сенбедім. Бұл да бізге берген Алланың аманаты ғой. Дәрігерлерге, осындағы барлық қызметкерлерге алғысым шексіз. Еліміз дами берсін. Осы үшем, үш қызымыз Қазақстанымыздың қарыштап дамуына үлес қосатын, қызмет ететін азаматтар бола берсін, – дейді әкесі Мамыржан.
Мамыржан Орынбаев мектепте істейді, еңбек пәнінің мұғалімі. Ал Тұрсынайдың мамандығы – дефектолог-логопед.
Жалпы алғанда Түркістан облысының елімізде демографиялық өсім мен туу көрсеткіші бойынша жетекші орындарда екені белгілі. Өңірді республика тұрғындарының 10,7 пайызы мекен етеді. Соған сай аймақта босану үйлеріне де көп көңіл бөлінеді. Перзентханалар заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде жасанды тыныс алу аппараттарымен, ұрық жағдайын мониторингтеу құралдарымен және реанимациялық үстелдермен жабдықталған. Акушерия және гинекология саласында жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін тұрақты түрде тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады.
Түркістан облысының билігі босандыру қызметін жетілдіріп дамытуға, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғауға инвестиция салуды жалғастыруда. Акушерия және гинекология саласындағы жетекші технологияларды енгізу, босану үйлері мен перинаталдық орталықтар құрылысын жоспарлау қолға алынып отыр.
№2 облыстық перинаталдық орталығында жүкті, босанатын және жоғары тәуекел тобына жататын босанған әйелдерге, 500 грамм және одан жоғары салмақтағы шала туған нәрестелерге, сондай-ақ, гинекологиялық науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетіледі. Перинаталдық орталықта салмағы төмен шала туған балалар дүниеге келеді, олардың аналары денсаулығына байланысты тиісті мерзімге (9 айға) жете алмайды. Одан бөлек, орталық аудан аймақтарына көмек көрсетеді. Орталықта тек босандыру ғана емес, сонымен қатар әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің босанғаннан кейінгі жағдайларын бақылау да жүргізіледі. Мұнда жаңа туған нәрестелерге заманауи реанимациялық көмек көрсетіледі.
Тура бір жыл бұрын, былтыр медицина қызметкерлерінің күні мерекесі қарсаңында дәл осы №2 облыстық перинаталды орталығы Түркістан облысының ең үздік медициналық ұйымы атанған еді. 2 миллионнан астам тұрғыны, 45 мемлекеттік, 756 медициналық ұйымы бар өңірдің ең үздік медициналық орталығы атанған ұжымның расында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктері аз емес. Облыстағы «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін «Бір күндік клиника» пилоттық жобасының бірінші болып дәл осы №2 облыстық перинаталдық орталығының базасында іске қосылуының өзі біраз нәрседен хабар берсе керек.
№2 облыстық перинаталдық орталық үшінші деңгейлі аурухана болып саналады. Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтаарал, Бәйдібек, Сайрам аудандарының әйелдері осында босанады. «Ол аумақтарда да перзентхана бар ғой» деген сұрақ туындауы заңды. Бұл орталықтағы білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер мерзіміне жетпей босанатындар, шала туған балалар немесе денсаулығында ақауы бар әйелдер болып табылады. Экстрименталды патология деген бар. Тууға болмайтын, қан тамыры көтеріліп кеткен жағдайдағы әйелдер осында келіп босанады.
Сондықтан мұнда істейтін дәрігерлердің бәрінің еңбегі орасан. Тәуліктер бойы демалмайтын кездері де болады. Олар үйде жүрсе де гаджеттерден бір сәтке ажырамайды. Жауапкершілік өте үлкен, бір емес екі адамның өміріне жауапты екенін естен шығарған емес. Бұл осы мекеменің әр қызметкерінің ұраны деп айтуға болады.
Фото: Ult.kz



