Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айжан Сқақова елдегі ғалымдардың жалақысы өте төмен екенін айтты.Бұл туралы baq.kz жазады.
Қазіргі уақытта қазақстандық ғылым алдымен өзінің проблемаларынан әрі аса алмай отыр. Қазақстандық ғылымның деңгейі мен әлеуетінің төмендеуі айқын трендке айналды. Дағдарыс ғылымның барлық негізгі факторларына, атап айтқанда, ғылыми кадрларға, зерттеу базасына, саланы басқару және қаржыландыру моделіне әсер етті, — деді ол.
Депутат елдегі ғылым саласындағы проблемалардың себептерін атап өтті.
Біріншісі, ғылымдағы басты дүние – ғалымдарды бағаламау. Ұлттық статистика бюросының, Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым қорының ресми деректері бойынша, ғылыми ұйымдар санының қысқаруы зерттеушілердің азаюына алып келді. Мемлекеттік ҒЗИ ғылыми зерттеушілерінің саны 2015 жылғы 12 660 адамнан 2019 жылы 9 533 адамға дейін қысқарды. Соңғы он жылда ғалымдардың ғылыми біліктілігінің сапасы да айтарлықтай нашарлады. Ғылыми әзірлемелерге тартылған зерттеуші мамандардың жалпы санынан республика бойынша 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін ғылым докторлары – аға буын ғалымдарының саны 82%-ға азайды. Оның ішінде тек «инженерлік әзірлемелер және технологиялар» бағыты бойынша ғылым докторларының саны 88%-ға қысқарды, — деп келтірді депутат.
Сқақованың сөзінше, ғылыми қызметкерлердің жалақысы 31.12.2015 ж. №1193 қаулыға сәйкес есептеледі. Онда еңбек өтіліне байланысты ғылым докторының орташа жалақысы 166 681 теңгені, ғылыми қызметкердің жалақысы – 93 971 теңгені, зертханашы/докторанттың жалақысы – 84 061 теңгені, магистрдің жалақысы – 77 336 теңгені, бакалаврдың жалақысы – 75 600 теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан бойынша 2020 жылғы орташа жалақы 209,8 мың теңгені құрайды.
Депутат атап өткендей, ғалым жалақысының маңызды бөлігі — грант. Әрине, ол бар болса және шығындарда қысқартылмаса ғана.
Бүгінде ғалымның жалақысы төмен, ол гранттың болуына байланысты. Қысқасы, болашаққа сенімді емес. Сонымен қатар ғалымдарға қойылатын талаптар жыл сайын артып келеді. Олардан үнемі ғылымиметрикалық көрсеткіштерді арттыру талап етіледі. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі жоғары, — деп атап өтті депутат Мәжілісте.
Айжан Сқақованың сөзінше, ғылым адамдары алдыңғы қатарлы және бәсекеге қабілетті ұлт құруда үлкен рөл атқарады. Жас ғалымдар ғылыми және білім беру қызметімен байланысы жоқ салаларда жұмыс істейді. Жастардың ғылымнан кетуінің себептері – жалақының төмендігі және зерттеу қызметінің қанағаттанарлықсыз жағдайлары. Бұл жағдай ғылыми кадрлардың «қартаюына», ғылыми мектептердің жоғалуына және сабақтастыққа себеп болды.
Екінші фактор — сала ретінде ғылымның тиімсіз ұйымдастырушылық моделі, басқарудағы проблемалар және қаржыландырудағы кемшілік.
Мұнда проблемалардың бірнеше деңгейі бар. Макро деңгейде Қазақстанда 2019 жылы ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу тәжірибелік – конструкторлық әзірлемелер) шығындар деңгейі бойынша тарихи минимумға – ЖІӨ-нің 0,12%-ына қол жеткізілгеніне назар аударған жөн. Зерттеуге бөлінетін республикалық бюджеттен қаржыландыру 2015 жылғы 40,7 млрд теңгеден 2019 жылы 36,7 млрд теңгеге дейін, яғни 9,8%-ға қысқарды. Ғылымды базалық қаржыландыру да жеткіліксіз. Бұл ретте базалық қаржыландыру ғимараттарды ұстауды, әкімшілік-басқару персоналының жалақысын ғана көздейді. Ғылыми қызметкерлер мен жабдықтарға ақы төлеу шығындары оған кірмейді, — деп айтты ҚХП фракциясының мүшесі.
Сонымен қатар депутат атап өткендей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ғылымды басқарудың жалғыз субъектісі — Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі құрған ҰҒК-мен (ұлттық ғылыми кеңес). Ғылыми жобаларға өтінімдерді қарау және қанағаттандыру жүйесі тым формализацияланған, бес сатылы процедурадан өтеді.
Өтінімдерге ұсынылатын формальды талаптар ғылымға қатысы жоқ көптеген жағдайларды қамтиды. Олар кейіннен ғылыми жобадан бас тартуға негіз болады. Мәселен, 2018-2020 жылдарға арналған Гранттық қаржыландыруға келіп түскен 4488 өтінімнің тек 1096-ы ғана мақұлданды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 406 өтінімнің тек 93-і ғана қабылданды. ҰҒК жалғыз шешуші орган ретінде шенеуніктерден, мүдделі сарапшылардан, ғылыми емес бизнес өкілдерінен тұрады. Бірақ тәуелсіз сарапшы ғалымдар жоқ, — деп айтты депутат.
Аталған мәселелерді шешу үшін Қазақстан Халық партиясының депутаттары бірнеше ұсыныс айтты:
— Отандық ғылымның дамуын басым стратегиялық міндет және Қазақстанды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін дамытудың қажетті шарты ретінде айқындау. Ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен 0.5-1-1.5-2 пайызға көтеру;
— Ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп басқару мен қаржыландырудың тиімді жүйесі бар сала ретінде ғылымның жаңа ұйымдық моделін әзірлеу;
— Ғылыми ұйымдарды базалық және гранттық қаржыландыру тетігінің жүйесін қайта қарау;
— Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын кемінде екі есе ұлғайту және оларға кепілді базалық жалақы белгілеу;
— Жас ғалымдарды әлеуметтік ынталандыруды көздеу: әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету (денсаулықты сақтандыру, біліктілігін арттыруға ақы төлеу, тұрғын үй проблемаларын шешу — жатақханалар, кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлер салу және беру, балабақшаларға, санаторийлік жолдамаларға ақы төлеу бойынша жеңілдіктер және т.б.).
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары бұл сауалды Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады.