Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасап, жоспарларды толық орындамаған бөлімдердің қызметіне талдау жасады.
Аудан әкімі өз сөзінде:
— Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Әр бөлім басшысы өзі жауапты саланың көрсеткіштері үшін тікелей жауап береді. Талдау, нақты шешім және нәтижелі әрекет қажет. Кемшіліктерді жасырып қалмай, себептерін ашық айтып, түзетуге кірісуіміз керек, — деп атап өтті.
Мәжіліс соңында аудан басшысы сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, жоспарлардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмахановтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісте ауданның 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен межеленген жоспарлардың орындалу барысы қаралды.
Жиын барысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мейрамкүл Тұрымбекова алты айдың қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштерге тоқталып, жоспардан төмен орындалған салалар бойынша мәліметтер берді.
Негізгі мәселелердің бірі – бірқатар бағыттарда жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеуі. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, құқық бұзушылық деңгейін төмендету, білім беру, кәсіпкерлік, жастар саясаты мен мемлекеттік сатып алулар салаларында жоспар орындалмай қалған.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасарлары мен тиісті бөлім, мекеме басшыларына орын алған олқылықтардың нақты себептері бойынша сұрақтар қойылып, алдағы кезеңде оны жою жолдары талқыланды.
Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерінің қызмет тиімділігі де 13 негізгі көрсеткіш бойынша бағаланып, нәтижелері таныстырылды. Жүргізілген талдау негізінде:
Алғашқы үштікке – Шаян, Борлысай, Жамбыл ауылдық округтері;
Соңғы үштікке – Алмалы, Көктерек, Мыңбұлақ ауылдық округтері енді.
Аудан басшысы Ерлан Заипұлы мәжілісте:
“Көрсетілген кемшіліктерді жою – әр бөлім мен ауыл әкімінің тікелей жауапкершілігі. Алдағы үшінші тоқсанда және жыл қорытындысымен жоспарланған барлық көрсеткіштер толық орындалуы тиіс. Мерзімінде орындалмаған тапсырмалар бойынша тиісті тәртіптік шаралар қабылданатын болады,” – деп атап өтті.
Кеңейтілген аппарат мәжілісінің қорытындысында тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың хаттамаға енгізілетіні және орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өтке лездемелік мәжілісте де ағымдағы жылға арналған индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және аудан бюджетінің игерілуі қаралды. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалғаны атап өтілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция салаларында өсім тіркеліп, аудан облыс көлемінде үздік үштікке енген.
Дегенмен, бірқатар салаларда жоспардың орындалмауы байқалды. Әсіресе, мәдениет, білім беру, ішкі істер, жастар саясаты және кейбір ауылдық округтер бойынша индикаторлардың төмен көрсеткіштері сынға алынды.
Бюджет кірісі жоспардан асыра орындалғанымен, бюджет қаражатын игеру бөлігінде бірнеше түйіткілді мәселелер жіті қаралды.
Атап айтқанда, аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарға төленетін қаражаттың мақсатты бағытталуын қатаң бақылауға алу қажеттігі және тиісті бөлім басшыларының жауапкершілігі қаралатындығы ескертілді.
Жиын соңында, аудан әкімі жауапты сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, қаржыны тиімді әрі мерзімінде игеруді, сондай-ақ барлық жоспарланған міндеттерді сапалы түрде аяқтауды тапсырды.
Фото: Сауран-Мәдениет Тіл-Спорт Бөлімі