Жарлықта қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін деп айтылған.
Және кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін делінген. Облыс әкімдері жарты жылда бір рет әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу өткізуі керек. Яғни, әр облыс әкімі бір жылда сол өңірдегі әр аудан мен облыстық маңызы бар әр қалаға жылына кемі екі рет барып, ең бастысы халықпен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап беріп, проблемалық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің осы қызметке тағайындалғанына алдағы қыркүйек айының 6-сында бір жыл толады. Иә, уақыт деген зымыран, Қарашөкеевтің де Әулие ата жеріне әкім боп келгеніне де міне, бір жыл толып жатыр.
Әрине, Жамбыл облысы әкімінің бір жыл ішіндегі жұмысы, қол жеткізген жетістігі, әкелген жаңалығы, қандай өзгеріс жасады, ол қандай нәтиже берді, кадр саясаты, бұл туралы алдағы мақалаларда кеңінен әңгіме бола жатар. Біз бүгін Қарашөкеевтің елмен байланысы, жергілікті жұртпен қарым-қатынасына тоқталсақ деп едік.
Қазір ақпарат заманы. Әр әкімдіктің баспасөз қызметі жұмыс істейді. Әр әкімдіктің жеке ресми сайты, әлеуметтік желілерде арнайы парақшалары бар. Баспасөз қызметі осы өңірдің жақсы жаңалықтарымен қатар облыс әкімі қатысқан барлық іс-шараны, қандай жиналыс өтті, облыс әкімі кіммен кездесті, қандай келісімдерге қол жеткізді, қайда барды, не айтты, қандай тапсырма берді, бәрі-бәрін сайтқа салып отырады. Оның үстіне облыс әкімінің аудан-қала аралап, халықпен кездесуін қалдырып кетуі тіптен, мүмкін емес. Өйткені басқа-басқа облыс басшысының ел ішіне барып, жергілікті тұрғындармен жиі кездесу өткізіп тұруын Президенттің өзі тапсырған.
Айтпақшы Президенттің жоғарыда айтылған Жарлығында тағы былай деп көрсетілген:
проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін;
тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.
Яғни, облыс әкімдерінің аудандарға іссапары, халықпен кездесуі міндетті түрде ресми интернет-порталдарында берілуі керек.
Осыған орай біз де Жамбыл облысы әкімінің ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын ақтарып көрдік.
Сонымен 2023 жылдың 6-қыркүйегі күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Облыс әкімінің ресми интернет-ресурсы арада екі күн өткенде, яғни, 8-қыркүйек күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы «Ұлы дала» (№15) шағын ауданындағы бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездескенін айтады. Яғни, Ербол Шырақпайұлы жаңа қызметінде халықпен кездесуді Тараз қаласынан бастаған.
Ал аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудандарға алғашқы жұмыс сапарын Тұрар Рысқұлов ауданынан бастайды. Облыс әкімі Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен. Бұл 15-қыркүйек күні.
Ары қарай қайтадан Тараз қаласының ықшам аудандарын аралайды. Естеріңізде болса, Ербол Қарашөкеев таң атпай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековты қасына ертіп алып, облыс орталығының түкпір-түкпірін жаяу аралап, аяладамада тұрған адамдармен сөйлесіп, автобусқа мініп, халықпен тілдесіп, жағдайын сұрап, проблемаларды әңгіме қылып, күн сайын көше-көшені қоймай аралап, жергілікті атқамінерлерді әбден қан сорпа қылған. Ел сонда «Наконец-то, елге жаны ашитын, іскер де қарапайым әкім келді» деп сүйсінгені жасырын емес. Шынында тауық шақырған таңмен таласып тырбанып, жергілікті әкімдерді ұйқысынан шошытып оятқан Қарашөкеев Жамбыл жеріне түскен жарық сәуледей елдің үмітін де оятқаны рас…
Облыс әкімінің ресми сайтында 30-қыркүйек күні Ербол Қарашөкеевтің Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Қызылтал және Қызылотау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездескені жазылған.
Осылайша облыс әкімі аудан-қалаларды шетінен аралай бастайды.
13-қазан күні Қордай ауданын аралап, Қарасу және Сортөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездескен.
30-қараша күні Шу ауданына барған.
Облыс орталығынан елу шақырым қашықтықта жатқан Жуалы ауданына Қарашөкеевтің жолы 8 қараша күні ауданға сайланған әкімді таныстыруға келгенде түскен.
Осылайша облыс әкімінің ресми сайтына қарап отырып енді Ербол Қарашөкеевтің бір жылда аудандарға қанша рет барғанын есептеп шығардық.
Осы тұста бір айта кетері, бір жылдың ішінде Жамбыл облысына Премьер-министр Олжас Бектенов бір рет сапарлап келіп, 2-3 ауданда болып, кейбір нысандардың жағдайымен танысты. Әрине, үкімет басшысының қасында облыс әкімі де бірге жүргені анық. Бұл іссапар бір күнде және өте жылдам өте шыққандықтан Қарашөкеевтің премьермен бірге аудандарға барғанын есепке қоспадық. Өйткені облыс әкімі бұл сапарда халықпен үлкен кездесу өткізіп, Президент тапсырғандай олардың сұрақтарына жауап бермегені анық.
Сонымен 2023 жылдың 6-қыркүйегінен бері Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарына бір-ақ мәртеден барған. Яғни, бір жылда бір-ақ мәрте. Облыс әкімінің ресми сайты осылай дейді.
Меркі ауданына екі мәрте барған, оның біреуінде Мүңке» әскери полигонында өткен «Меркі-2023» тексеру жиынының жабылуына қатысқан. Жуалыға екі рет барған. Алғаш барғанында сайланған әкімді тағайындаған. Сарысу ауданына үш рет барған, оның екеуінде аудан орталығы Жаңатастағы су алған аулалардың жағдайымен танысқан. Былайша айтқанда Жаңатас қаласының кейбір көшелерін су алмаса облыс әкімі ол ауданға барар ма еді, бармас па еді, ол жағы тағы белгісіз.
Талас ауданына да екі мәрте барған.
Ербол Қарашөкеев ең көп барған аудан Жамбыл және Байзақ аудандары. Бұл екі аудан да Тараз қаласымен қойындасып жатқан яғни, облыс орталығына ең жақын аудандар.
Сонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы не болды?
Президенттің «Облыс әкімдері жарты жылда бір рет әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу өткізуі керек» деген тапсырмасы қайда қалды?
Ал, облыс әкімі аудандарға барып халықпен кездесіп, үлкен кездесу өтіп жатса облыс әкімінің баспасөз қызметі, облыс әкімінің ресми сайты оны елеусіз қалдыру мүмкін емес. Президенттің Жарлығында міндетті түрде берілуі керек делінген.
Ербол Қарашөкеев Мойынқұм, Қордай, Шу аудандарына бір жылда бір-ақ мәрте барған.
Жамбыл облысының жартысын, нақтырақ айтсақ 42 пайызын Мойынқұм ауданы алып жатыр. Бұл ауданда ірі кәсіпорындар бар. Сонда бұл ірі кәсіпорындардың жұмысын, ірі инвесторлардың тіршілігін облыс әкімі білмейді де деген сөз ғой.
Шу да тоғыз жолдың торабында жатқан ең үлкен аудандардың бірі.
Қордай — өңірдегі ең әлеуетті, халық тығыз қоныстанған аудан. Қайбір жылы осы ауданда ұлтаралық қақтығыс болып, әйтеуір соңы бейбіт түрде бітіп, содан бері облыс басшылары Қордайды жеке назарында ұстайтын. Қарашөккев қалай ұмыт қалдырды?!
Бұл үш ауданның бір ғана кемшілігі ғана бар. Бұлар облыс орталығынан ең шалғай жатқан аудандар.
Жақында Жамбыл облысына Премьер министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова іссапармен келіп, Мойынқұм ауданында болды. Ол кезде де қасында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек бастап жүрді.
Сонда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл облысы әкімі қызметіне алғаш кіріскен кезде қала көшелерін жаяу аралап, жұртпен тілдесіп, қарапайым боп көрінгені, жанашыр боп көрінгені, бәрі-бәрі арзан «пиар» боп шыққаны ма? Шынында Қарашөкеев «кабинетшіл әкім» болғаны ма, қалай ойлайсыз?
Ел ішінде «Қарашөкеев келгелі рахат болды, ешқандай қадағалау жоқ, «лапа» болды» деп аудан әкімдері мәз болып жүр» деген әңгімелер рас болғаны ма?
Қалай айтсақ та бір жылда шалғай аудандарға бір-ақ мәрте бару деген Жамбыл облысы әкімдерінің тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай.
Осы аптада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Әттең, екеуара әңгімеде «аудандармен байланысың қалай, шалғай ауылға барып тұрсың ба?» деген мәселе айтылған жоқ-ау…
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бір жыл ішінде іссапармен барған аудан, қалалары:
- Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалды. 06 қыркүйек 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы «Ұлы дала» (№15) шағын ауданындағы бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті. 08 қыркүйек 2023
- Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудандарға алғашқы жұмыс сапарын Тұрар Рысқұлов ауданынан бастады. Алдымен облыс әкімі Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. 15 қыркүйек 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс кестесінен тыс, таңертеңгі уақытта Тараз қаласы №1 аумақтық округіндегі бірқатар нысандарды жаяу аралап, жай-күйімен танысты. 18 қыркүйек 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің шалғай аудан — Мойынқұмдағы жұмыс сапары Айдарлы ауылындағы No 2 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысудан басталды. Қызылтал және Қызылотау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. 30 қыркүйек 2023
- Облыс әкімі Байзақ ауданына жұмыс сапарын Көктал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастады. 06 қазан 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Қордай ауданына жұмыс сапары Гвардейск қалашығындағы «ОtarBioPharm» ЖШС-нің қызметімен танысудан басталды. Жұмыс сапары барысында Қарасу және Сортобе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. 13 қазан 2023
- 25 қазан – Республика күніне орай Жамбыл ауданы Айша Бибі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа нысанның ашылуына қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады. 24 қазан 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-не барып, жұмысымен танысты. 26 қазан 2023
- Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбындағы «Егінжай-2023» облыстық дала семинары өтті. «АСПАН АГРО» АШК-нің қант қызылшасы алқабында өткен шараға облыс әкімі Е.Қарашөкеев қатысты. 28 қазан 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Серік Бегалиев,«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев, Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин, облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Болат Жылқыбаев «Мүңке» әскери полигонында өткен «Меркі-2023» тексеру жиынының жабылуына қатысты. 30 қазан 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы №7 аумақтық округ тұрғындарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді. 02 қараша 2023
- Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі болып Жалғас Әлижанұлы Мұртаза сайланды.Облыс әкімі ауданның активіне қатысып, жаңадан сайланған әкімді таныстырып, бірқатар нақты міндеттер жүктеді. 08 қараша 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, актив жиналысына қатысты. Аймақ басшысы аудандық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып сайланған Ернар Есіркеповті таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. 08 қараша 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Сарысу ауданына жұмыс сапары «QAZAQSODA» ЖШС-нің жобасымен танысудан басталды. Аймақ басшысы Жаңатас қаласының орталық қазандығының жұмысын көріп, ағымдағы жылыту маусымының өту барысын тексерді. Жаңаарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. 09 қараша 2023
- Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 300 орындық жаңа мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Ауданның 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын қуанышымен құттықтады. 16 қараша 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданындағы Бірлік және Жаңақоғам ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. 30 қараша 2023
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасының Шаньдун провинциясындағы бизнес-форум аясында әлеуетті инвесторлармен жеті кездесу өткізді. 18 қаңтар 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік желілерде тұрғындардың жылу жүйесіне қатысты жариялаған шағымдары бойынша Тараз қаласындағы «Ұлы дала» (15) шағын ауданына барды. 25 қаңтар 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жуалы ауданына жұмыс сапары жергілікті тұрғындармен кездесуден басталды. 26 қаңтар 2024
- Тараздағы Құмшағал шағын тұрғын алқабында заманауи жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл – жергілікті тұрғындардың көптен күткен қуанышы. Жаңа нысанның ашулы рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады. 05 ақпан 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданының орталығында жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өткен «Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығу жиынын бақылады. 09 ақпан 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев соғыс ардагері, Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Шалданбай Шанбаевты 100 жасымен құттықтады. 10 ақпан 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ және Жамбыл аудандарындағы бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысты. 17 ақпан 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініштеріне жіті назар аударды. 24 ақпан 2024
- Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылына табиғи газ берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Талас ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, кәсіпорынның жұмысын көрді. 24 ақпан 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан «Super Pharm» фармацевтикалық зауытына барды. 04 наурыз 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, Жаңатас қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. 17 наурыз 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуде жергілікті тұрғындар түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, жауаптар алды. 29 наурыз 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. 08 сәуір 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ, Жамбыл аудандарындағы көктемгі дала жұмыстары мен су каналдарының жай-күйін тексерді. 14 сәуір 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылының аумағын және оған іргелес аумақтарды тексерді. Қазіргі уақытта су деңгейі 40 см-ден 10 см-ге төмендеді. Суды айдау үшін елді мекеннің су басқан үйлерінің аумағында мотопомпалар жұмыс істеуде. 16 сәуір 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданының тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен жиында тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. 26 сәуір 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барды. 17 мамыр 2024 ж. 14 ТамызЖамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Байзақ-2024» тексеру жиынының жабылу салтанатына қатысты. 29 мамыр 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын тексеріп, жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді. 17 маусым 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кешкілік уақытта Тараз қаласының бірнеше шағынаудандарын аралап, түнгі жарықпен қамту жұмыстарының сапасын тексерді. 19 маусым 2024
- Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы азаматтардың мәселелеріне құлақ түріп, бақылауға алды. Ербол Қарашөкеев алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін атап өтіп, көне шаһарды дамыту жоспарларымен бөлісті. 27 маусым 2024
- Жамбыл ауданына қарасты Өрнек, Қаракемер ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Өрнектегі спорт нысанының ашылуына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады. 05 шілде 2024
- Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданы Жаңатас қаласына барып, су алған аулаларды аралап көріп, ахуалмен танысты. 08 шілде 2024
- Ербол Қарашөкеев төтенше жағдайдан зардап шеккен жаңатастықтардың жағдайымен танысты 10 шілде 2024
- Алматы облысында «Ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» тақырыбында «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинарын өтіп, шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация қатысты. 27 шілде 2024
Мәлімет Жамбыл облысы әкімінің ресми интернет ресурсынан алынды.
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі