— Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру. Ол үшін барлық бөлімдер мен ауылдық округ әкімдері халықпен етене жұмыс істеп, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өз сөзінде.
Сессияда қыс маусымына дайындық барысы, Ақтөбе, Бірлік және Бірлесу ауылдық округтері әкімдерінің есептері қаралды. Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – бірқатар елді мекендердің жер-шаруашылық орналастыру жобаларын бекіту болды. Жиын соңында депутаттар қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдап, алдағы міндеттерді айқындады.
Жалпы алғанда Келес ауданында тұрғындарды таза ауызсумен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде 13 елді мекенге орталықтандырылған су құбыры тартылуда. Жобалар мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, жалпы құны 7 млрд теңгеден асты.
Жыл соңына дейін ауданның барлық 79 елді мекені 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілмек. Қазірдің өзінде алғашқы болып Кеңдала ауылы ауызсуға қол жеткізді. Мұнда ұзындығы 5 шақырымнан асатын құбыр жүргізіліп, 200-ге жуық отбасы тіршілік нәріне қол жеткізді.
Ауыл ақсақалдары жаңа жобаны зор қуанышпен қарсы алып отыр.
— Көшенің бәріне су тартылды, құбырлардың бәрі көмілді, крандар қойылды. Енді әр үйге дейін құбырды тартып қойды, ары қарай ішке кіргізіп алуымыз керек. Су келіп жатыр, ұзағынан сүйіндірсін. Осыны атқарып жатқан жігіттердің бәріне үлкен рахмет. Бұдан кейін бізге келген суымыз тоқтамай, жақсы істеп тұрса болды, – деді Кеңдала ауылының биі Әбдікәрім Қарабалаев.
Қазір Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 66-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ал қалған ауылдардағы құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
— Қазіргі таңда 13 нысанның үшеуінің құрылысы 95 пайыз аяқталды. Қалған нысандарды қазан-қараша айларында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Барлық нысандар толық іске қосылған кезде 15 мыңнан астам тұрғын таза ауызсумен қамтылатын болады, – деді Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев.
Келес өңірінде осылайша халықтың ең өзекті мәселелерінің бірі шешімін тауып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсарып келеді.
Келес ауданында экономикалық өсімнің қарқыны жыл санап артып келеді. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 63,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,6 пайызды құрады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудандық мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясында мәлімдеді.
Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрап отыр. Оның үлесі 33,1 млрд теңгені құраса, сауда көлемі – 21,2 млрд теңге, құрылыс саласы – 5 млрд теңге, ал өнеркәсіп – 3,9 млрд теңгеге жетті. Биылғы жылдың қорытындысында жалпы өндірілген өнім көлемін 126,7 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр.
Бұл өсімді қамтамасыз ету үшін өнеркәсіп саласында жаңа жобалар қолға алынуда. Жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаның іске асырылуы 130 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жүзімдік ауылдық округінде құны 2,5 млрд теңге болатын минералды су зауыты салынып, 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Ақтөбе ауылдық округінде қуаттылығы 20 мВт болатын күн электр станциясы ашылады, жобаның құны 4 млрд теңге, 20 жаңа жұмыс орны қарастырылған. Сондай-ақ, осы округте «Almaty NS-Group» ЖШС-нің күйдірілген қыш зауыты бой көтеріп, 2025–2026 жылдары іске қосылады. Құны 2,5 млрд теңге болатын бұл кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтуды көздейді.
Ұшқын ауылдық округінде 200 млн теңгелік шұлық тігін цехы ашылып, 10 адам еңбекке тартылмақ. Ал Абай ауылында пластикалық ыдыстар өндіретін цех және сүт өңдеу цехы іске қосылады. Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда аудан экономикасына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.
Фото: Келес Ауданы Әкімдгі