Болашақ аналар жүктілік кезінде дәрігердің тұрақты бақылауында болып, қажетті тексеру мен скринингтерден өтеді. Босану кезінде білікті медицина мамандары көмек көрсетеді. Сәби өмірге келгеннен кейін патронаждық қызмет ұйымдастырылып, профилактикалық қарап-тексерулер жүргізіледі, екпе салынып, баланың өсуі мен дамуы ұдайы бақылауда болады.
Ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіру — мемлекет назарындағы маңызды міндеттің бірі. Бұл әрбір ананың өзіне де, дүниеге келген әрбір сәбиге де сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Жақында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық көпбейінді орталық ауруханасының басшысының қатысуымен Дарбаза дәрігерлік емханасы мен Әлімтау дәрігерлік емханасында жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы және ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері бойынша талдау (разбор) өткізілді.
Кездесу барысында жүкті әйелдерді ерте есепке алу, жүктілікті бақылау сапасы, қауіп факторлары бар жүкті әйелдерді уақытылы анықтау, профилактикалық іс-шаралардың орындалуы, перинаталдық көмектің сапасы және ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстар жан-жақты қарастырылды.
Сонымен қатар, анықталған кемшіліктерге талдау жасалып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ана мен бала денсаулығын сақтау мақсатында көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және жүкті әйелдерге үздіксіз бақылау жүргізу бойынша жауапты мамандарға тиісті ұсынымдар берілді.
Тағы бір айтары, Сарыағашта ана сүтімен емізуді қолдау және насихаттау бойынша семинар өтті. Яғни, медицина қызметкерлерінің қатысуымен ана сүтімен емізуді қолдау және нәрестелерді дұрыс тамақтандыру мәселелеріне арналған семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында ана сүтінің нәрестенің толыққанды өсіп-дамуындағы маңызы, алғашқы алты айда тек ана сүтімен қоректендірудың артықшылықтары, қосымша тамақтандыруды уақытылы енгізу, сондай-ақ емізу кезінде кездесетін қиындықтардың алдын алу және оларды шешу жолдары кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне жүкті әйелдер мен жас аналарға тиімді кеңес беру, ана сүтімен емізуді қолдау және дұрыс ақпарат жеткізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осындай оқыту семинарларының негізгі мақсаты – ана мен бала денсаулығын нығайтуға бағытталған медициналық көмектің сапасын арттыру және ана сүтімен емізу мәдениетін қалыптастыру.
Ана сүті – нәресте үшін ең қауіпсіз, ең пайдалы және табиғи тағам. Ана сүтімен емізу – баланың дені сау болашағына жасалған ең маңызды қадам.
Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық көпбейінді орталық ауруханасында Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу бойынша өткен семинардың да берері көп болды. Семинарды аурухананың эпидемиолог дәрігері А. Берікболова жүргізіп, қатысушыларға Конго-Қырым қанды қызбасының эпидемиологиялық ахуалы, аурудың жұғу жолдары, негізгі клиникалық белгілері, алдын алу шаралары, медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау талаптары және медицина қызметкерлерінің іс-әрекет алгоритмдері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара барысында ауруды ерте анықтаудың маңыздылығы, күдікті жағдайлар анықталған кездегі шұғыл іс-қимыл тәртібі, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Семинардың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің кәсіби білімін жетілдіру, Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу бағытындағы дайындық деңгейін арттыру және инфекцияның таралуына жол бермеу.
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, тәжірибелік пікір алмасты.
Бүгінде Сарыағаш аудандық көпбейінді орталық ауруханасында ЛОР дәрігері балаларға жоспарлы ота жасап, құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдеудің заманауи әдістерін қолдануда. Мұндай операциялар көбіне тыныс алудың қиындауы, аденоидтың ұлғаюы, созылмалы тонзиллит және басқа да ЛОР аурулары кезінде жүргізіледі. Операцияның мақсаты – баланың еркін тыныс алуын қалпына келтіріп, денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыру.
Егер балаңызда ұзақ уақыт мұрынмен тыныс алудың қиындауы, қорылдау, жиі тамақ немесе құлақ аурулары байқалса, өздігінен емделмей, міндетті түрде ЛОР дәрігерінің кеңесіне жүгініңіз. Ерте диагностика мен уақытылы ем – сауығудың маңызды кепілі.
Фото: Qazaqstan dauri



