Елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе, соңғы уақыттары әлеуметтік өткір мәселе ретінде қарала бастады. Сондықтан Президент қол қойған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді.
Қабылданған заңда сарапшылардың барлық ұсыныстары мен қарапайым азаматтардың өтініштері Президент тарапынан қолдау тапты. Мемлекет басшысының жаңа заңға қол қоюы, ел басшылығының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру аясында қоғам сұранысына ұдайы назар аударып отырғанын көрсетеді.
Президент Қ.Тоқаев барлық мәселелерді, соның ішіңде әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін үнемі көтеріп отырады.
Заң азаматтық қоғам мен мемлекеттің өткір және өзекті мәселені шешуге бағытталған сындарлы өзара іс-қимылының нәтижесі болды.
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблеманың бірі ретінде белгіледі.
Ол туралы Қ. Тоқаев осы жылдың қаңтар айында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», — деді.
Бұл Заң біздің қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір қадам болып табылады.
Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.