Түркістан облысы Сауран аудандық мәдениет үйінде ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен талантты жастарды қолдау және мүмкіндігі шектеулі жастарды ынталандыру, тең қоғам терезесін қалыптастыру мақсатында «Мейірім шуағы» атты жастарға арналған шығармашылық кеш болып өтті.
Шараға Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Түркістан облыстық әжелер алқасының төрайымы Балымхан Бәйтенова, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Пердебек Сержанұлы, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай қатысып, игі тілектерін білдірді.
Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатов:
«Бәріміздің дәрежеміз тең. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өнерлі, талантты жандар көп. Біз қоғамды белгілі санатқа бөлгенді жөн көрмейміз. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз. Біз олардың өз өнерін көрсетуіне әрқашан мүмкіндік береміз», — деп шараға қатысушы ерекше қабілетті жастарға ыстық ықыласын білдірді.
Шара барысында аудан әкімі аппаратының басшысы мен Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Пердебек Сержанұлы өнерлі жастарға аудан әкімінің алғыс хаттарымен бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Сондай-ақ Түркістан қаласында облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ерекше жандарға арналған “Шексіз мүмкіндік” атты облыстық өнер фестивалі болып өтті.
Ерекше дарын иелеріне қолдау көрсетуге, олардың шеберліктерін шыңдауға, ұлттық рухта тәрбиелеуге, өмірге деген кұштарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқау ән жанры, қылқалам және қолөнер жанрлары бойынша өтті.
Шараға ауданнан ән жанры бойынша Қарақұл Жұлдыз, қолөнер жанры бойынша Мадалиева Томирис және қылқалам жанры бойынша Қыдырбай Алуа қатысты. Өз өнерлері мен туындыларын көпшіліктің назарына ұсынып, шараға жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.
Жас өрендерге арнайы алғыс хат пен түрлі сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді.
Ал, Түлкібас аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, сахна мәдениетін қалыптастыру, жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Түлкібас ауданы әкімінің кубогіне арналған «JAIDARMAN» сайысы өтті.
Қызықты да тартысты өткен сайыс көрермендерге әдемі әсер, қайталанбас эмоциялар мен керемет көңіл-күй сыйлады. Бүгінде жайдарман ойыны талантты жастардың басын бір арнаға тоғыстырған жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді қағытпа қалжың мен астарлы әзіл аққылы жеткізе білетін өнер.
Жастар үшін мол мүмкіндіктер алаңына айналған «JAIDARMAN» сайысына «Нысана» театрының актрисасы Бекахметова Айсұлу, жайдарман жанашыры Нұркен Нұржанұлы, Руханият орталыңының басшысы Елеуов Қанат, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің басшысы Серік Данияр Батырханұлы және жастар ресурстық орталығының нұсқаушы маманы Саттарқызы Аружан қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен:
І орынды «Ақбиік жігіттері» командасы (100.000 теңге)
ІI орынды «Қыздарский элита» командасы (70.000 теңге)
III орынды «Абай арулары» командасы (60.000 теңге)
«JAIDARMAN» сайысында жоғары деңгейде өнер көрсеткен барлық командаларға арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жастар жүрген жер қашанда мереке. Және дарынды, талантты, өнерлі жастарға әрдайым қолдау зор. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды.
Келес ауданының Бірлесу ауылдық округінде орналасқан №33 “Жуантөбе” жалпы білім беретін мектебінің 2019 жылғы түлегі Саттар Жансая Нұрланқызы қазіргі таңда Италияның Парма қаласында магистратурада грант негізінде білім алуда.
Дарынды шәкірт жақында Harvard университетіне «Қазіргі әлемді басқаратын бірегей идеяларды жасаудың негізгі құндылығын көрсететін «Жаңа көкжиектерді құру: бүгін мен болашақты карталау» болашақ көшбасшы, спикер ретінде қатысып, халықаралық деңгейде сертификат алды.
Мектеп ұстаздары осындай дарынды түлектерін қашан да мақтан тұтады. Жансаяның тілдерді меңгеруіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Букенбаева Шолпан Ешмановнаның еңбегі зор болды. Білім ордамызда оқушылардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған, — дейді мектеп директоры Жазира Тиленова.
Айта кетейік, келестік түлек Harvard университетінен бөлек, Сambridge (Кембридж) университетіне көшбасшылықты басқару тақырыбында 5 күндік семинарға қатысып, жақсы көрсетікш көрсеткені үшін сертификатталған болатын. Бүгінде №33 «Жуантөбе» жалпы білім беретін мектебінде қазіргі таңда 900-ден аса оқушы білім алады.
Жақында Астана қаласында өткен Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсы өз мәресіне жетті. Жалпы жарысқа 50-ден астам өтінім түсіп, олардың ішінде 16 қатысушы өнер көрсеткен. Екі кезеңнен тұратын ән байқауында қатысушылар классикалық және заманауи туындыларды орындап, шеберліктерін ортаға салды. Нәтижесінде Түркістан облысынан қатысқан «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің талантты солисі Жомарт Асыл бас жүлдені жеңіп алды.
Байқау Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық ҚаҺарманы, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, ұлттық және әлемдік мәдениеттің үздік дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртуға бағытталған. Конкурстың қазылар алқасы қатарында Қазақстан және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қырғыз Республикасының Халық әртісі Роза Аманова, Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ташматов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Нұрлан Абдуллин, Жанна Орынбасарова, Жаннат Бактай және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев сынды атаулы өнер майталмандары бар. Қазылар алқасы орындаушылардың ерекше дауысын және орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған.
Тағы бір айтары, Түркістанның өз қолтаңбасына айналған мәдени іс-шаралар қатары артып келеді. Соның бірі республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауы. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән додасы облыс орталығында бастау алды.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, іс-шараның маңызы мен мақсатына тоқталды. Қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жақында өткен «Түркістаным – тұраным» композиторлар байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Жеңімпаздар арасынан Сауран аудандық мәдениет үйінің қызметкері, композитор Шерхан Әлібеков оза шауып, өнерімен көрерменді тәнті етті. Аталмыш шарада Бекмұрат Анарбаевтың сөзіне жазылған Шерхан Әлібековтің «Тұғырлы Түркістан» әні жүлделі ІІ орынға ие болды.
Байқауға Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Қайрат Баекенов, Мархаба Саби, Қайрат Мырзахан және Bytanat, Мейіржан Алиакбаров әділ қазылық жасайды. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына баса назар аударатын болады.
Фото: Tengrinews