Қолыма қағаз алдым сөз термекке,
Ісімді қолыма алған тез бермекке,
Өзімнің заманымда болған істі,
Азырақ хатқа салдым қып ермекке…
Бұл – жарық дүние есігін ашпай жатып мәжбүрлі түрде отқа тасталған жырдың бастауы. Нақтырақ айтқанда маған жеткен бір тамтығы. Мақұлбек кім? Неге өртелді? Тағы сол секілді «негелерге» жауап берейік.
Жыр кейіпкері Мақұлбек Шерімұлы (1890-1976) жоңғар соғысында ерлікпен шайқасқан Дулат – Сиқым Рысбек батырдың ұрпағы, Батырбек датқаның шөбересі. Сиқымның болысы. Әйгілі атбегі. Омбы гимназиясын бітірген. Қаратау қаласы жанындағы Көкталға Ташкеннен әкеліп ағаштар отырғызып, ағарту жұмыстарымен айналысқан.
Жырдың авторы Шымыр – Ақша батырдың ұрпақтары арасындағы дін иесі, білімді де иманы берік Жұмабек қожаның інісі Мәделі (Мәнтен) қожа. Асы, Талас өңірінде Жұмабек қожаны білмейтін адам кем де кем. Кенжекүл әжем өмірден өткенде әкем Байділдәнің өтінішімен Жұмабек қожа құран аударған екен. Ол кісінің әулиелігі мен діни сауаттылығы жайлы талай әңгіме естіп өстік. Жыр авторы Мәнтен қожаны жерлегенде ағасы Жұмабек қожаның көзінен жас шықпапты. Қырық қадам ұзағанда артына бұрылып «ии олай емес, қателестің інім» деп жылап жіберіпті дегенді де әкем айтып отыратын. Кезіндегі жыр-дастанның маған жеткен азғантай шумақтарын Бектемір Баялыұлы ағамнан жазып алған едім. Ағам кезінде сол айтулы оқиғаның тікелей куәгері әрі сол оқиғаға тікелей қатысқан Баялы Төребекұлы атамның өз аузынан естіген. Оны кезінде өзім де естігенмін, бірақ бала болғандықтан өлең қалпында есте сақтай алмадым. Мен Баялының туған ағасы Үсібәлі Төребекұлының немересі, осы әңгіменің жанама кейіпкері Төребек Тоқтаназарұлының шөбересімін. Баялы атам өтірікке қаны қас, кесіп сөйлейтін турашыл кісі болатын. Басты кейіпкерлер өз аталастарым. Мұны айтып отырған себебім, оқиғаның түрлі нұсқалары бар. Және ол авторлардың бұл оқиға мен оқиға кейіпкерлеріне аса жақындықтары болмағандықтан ауыздан ауызға өтіп қатты құбылған. Мақұлбек атамыз осы заманға шейін өмір сүргендіктен оқиға болмысын өз әуеніне қарай аудырғаны байқалады.
Сонымен ол оқиғаның мән-жайы менің естуімше былай болған. Шымыр- Қырғызбай Мекемтас атамыз Мақұлбек болыспен құда екен. Мекемтас саудагер бақалшыдан қара тайды сатып алады да ақтап (піштіріп) арбаға жегіп жүреді. Бірде Мекемтастың арба сүйреген қара аты Мақұлбектің көзіне түсіпті. Оқиғаның көптеген нұсқасында большевиктер ылауға мініп кеткен деседі. Оны жолдан танып алып қалған Мақұлбек-мыс. Мен жазып алған жыр тамтығында ондай сөз кездеспеді. Сондықтан ол жағына көп тоқтала алмаймын.
Сонымен Мақұлбек құда жолын алға тосып «мына атыңды маған бер» дейді. Мекемтас ойланып қабырғасымен кеңесем дегенше бұл хабар Керімбайдың құлағына жетеді. Керімбай — Қойгелді батырдың ұрпағы. Қойгелді-Құттық-Шымырлардың болысы. Таразда керуен-сарай ұстап, қазақ балаларына мектептер ашқан.
Керімбай Бұралқыұлы Мекемтасқа «берме» деп сәлем айтады. Өйткені Мақұлбектің ат танитыны белгілі болатын. Оның көзі қара атқа бекер түспегенін білген ол «өзіміз баптаймыз» дейді. Керімбайдың бұл сәлемі Мекемтастың намысына тисе керек. «Өз құдама қандай ат мінгізсем де өз еркім» деп қара атын Мақұлбекке беріп жібереді. Керімбай болыс «әй, бекер қылдың» деп кейіген қалпы қала береді. Арбаға жегілген «қара ат» көп ұзамай төңірекке аты шыққан жүйрікке айналып шыға келген. Төңіректі қойып Орта Азияда бәйгенің алдын бермейді. Мақұлбектің қара аты қосылған бәйгеде Шымырлар ат қосуға бата алмайтын дәрежеге жетеді. Ел назарымен бірге Шымырлар да Мақұлбектің ат қорасына көз тіккен заман болған екен. Бір күні Мақұлбек қасқа ат баптап отырғанын естіген Керімбай Мекемтасқа келіпті.
- Сен менің сөзімді тыңдамай, «ат мінгізсем құдалық жолым» деп беріп едің. Енді сен оның қасқа атын сұра. Сені «құдам деп сыйласа берер» —
дейді. Мекемтас:
- Неге бермейді? Мен сұрасам береді – депті сеніммен.
Алдымен Мақұлбекпен рулас әйелін жұмсап сәлем айтыпты. Сұратып жіберген сәлемі жауапсыз қалған ол өзі барады. Барса Жуалыдағы жайлауында Мақұлбектің әкесі Шерімнің ағасы Нарғозы би екеуі қымыз ішіп, жас тоқалы оларға қымыз құйып отырса керек. Он тоғыз жасында старшын, жиырма үш жасында болыс болып руластарына әмірі жүріп, атбегілігі мен қара атының даңқы алты алашқа жетіп отырған Мақұлбек құдасының сәлеміне самарқау ғана жауап береді. Қымыз ішіп болған соң шаруасын айтқан Мекемтасқа Мақұлбек ашулана сөйлейді.
- Әй, Мектемтас құда! Ол менің құлынынан баптаған қасқа жүйрігім. Биыл бесті болып бәйгеге енді ғана бабы келді. Мен сенің құлынынан баптаған жүйрігіңді емес, арбаға жегіп жүрген ақталған атыңды алғанмын. Қасқа атымды сенің сұрайтын да, менің де беретін де жөнім жоқ.
Меселі қайтқан Мекемтас сүмірейе сүйретіліп шыға берді. Бұл әңгімені естіп-көріп отырған Төребекұлы Нарғозы:
- Шырағым Мақұлбекжан, Шымыр-Шынқожа, Қаратеке-Бәйімбеттің Керімбайын Мекемтас сенің аяғыңа жығып, қара атты берді. Қарағым, мені тыңдасаң тоқалың Серектің қызы Сырғашты қасқа атқа қосып бер –
дейді. Нарғозы биге одырая қараған Мақұлбек:
- Көке, алжиын депсіз – депті.
Құдасына сөзі өтпей, Керімбайдың алдында қарабет болғандай сезінген Мекемтас өзі берген қара атты міне қашады. Бұл істің кімнен келгенін, кімнің жұмсауымен болғанын білген Мақұлбек жігіттерін жұмсап, Керімбайдың қарамағындағы шымырлардан жылқы барымталайды. Жердің үстімен барып, астымен қайтып жыларман болып келген бауырын көрген Жаңбырбай балуан «Мақұлбектің бұтын айырам» деп кіжінген екен. Жаңбырбай Жанбосынұлы Қырғызбай әулетінің балуаны болатын. Онсыз да ширығып тұрған елге мына барымта отқа май құйғандай болады. Қырғызбай, Ақша әулетінің жастары атқа қонып, Мақұлбектің ауылына шапты. Мақұлбек осынша тез атқа қонады деп ойламаса керек. Үйіне қарай атой сап келе жатқан топқа тапаншасын кезеп атып жібереді. Оқ Сауқымбектің атына тиіп ат-матымен омақаса құлайды. Қапелімде «кісі өлтірдім» деп ойлап қалған Мақұлбекті ашулы топ байлап-матап алып кетеді. Басқа адамдарға еш зияны тимеген сыңайлы. Керімбай болысқа келе жатқан топ Қырғызбай ауылы тұсынан өте бере есік алдында тұрған ақсақалды көреді. Байлаулы Мақұлбек жігіттерден «мына кісі кім?» деп сұрайды. Олар «Тоқтаназарұлы Төребек ақсақал» десті. Өз атасымен аттас болғандықтан ба, ақсақалға тіл қатып:
- Төке, мүдделеріңіз біткен шығар. Жігіттеріңізге айтыңыз қол-аяғымды босатсын.
- Қарағым Мақұлбек, Нарғозы атаңның сөзін тыңдағанда осындай тірлік болар ма еді? Нарғозыдай би атаңның сөзін сендей ел сұраған азамат тыңдамай қойғанда, мендей шалдың сөзін мына бозбалалар тыңдай қояр ма екен?
Мақұлбек болыс Төребек ақсақалға ләм дей алмай қалды. Өйткені бір сөзімен пышақсыз сойып салған еді. Бірақ бұл топ Қырғызбай ауылынан аса алмады. Өтеуұлы Жарас байдың бәйбішесі Сиқымның текті қызы екен. Іс аяғы насырға шауып бара жатқанын сезген әжеміз қамсыз отырмапты. Жігіттерді өз үйіне шақыртып, тұтқын болып келген Мақұлбектің аяғын жерге тигізбей кілемге түсіріп алады. Жуындырып-киіндіріп, мал сойып күтеді. Ашуы басылған Мақұлбекті ат мінгізіп ауылына қайтарыпты.
Дүрлігіп, «аттанамыз» деп Сиқымның жігіттері жиналып отырғанда құдалықтан қайтқандай боп келген Мақұлбекті көріп аң-таң болысыпты. Жарасбайдың бәйбішесінің арқасында тұтанып келе жатқан дау су сепкендей басылған екен. (Өкініштісі әжеміздің атын сұрамаппын). Дау басылғанмен пыш-пыш әңгіме гулеп тұрады. Сол кезеңде Мәделі қожа болған оқиғаны «жыр-дастан» етіп қағазға түсіреді. Жыр авторы оқиғаны өз көзімен көріп, басы-қасында жүрген адамдар арқылы оқиға барысына қанық еді. Сондықтан жел кеулеген әңгіменің ең шындыққа жақыны осы деп санаймын. Сол жыр-дастанның маған жеткен тамтығы мынадай:
Қолыма қағаз алдым сөз термекке,
Ісімді қолыма алған тез бермекке,
Өзімнің заманымда болған істі,
Азырақ хатқа салдым қып ермекке…
Ақшадан үш ата едік таратылған,
Патшаға әуелден-ақ қаратылған.
Дүлдүл боп әр тарапқа аты шыққан
Айтайын аз әңгіме «қара атымнан».
Мақұлбек құда болып алды атымды,
Басыңды кім сыйласа сол жақын-ды.
«Адасқанның алды жөн» деген мақал
Кім тентек? Алла білер кім ақылды.
Қасқа аты Мақұлбектің болды бесті,
Қырсығын Мақұлбектің қасқа ат кесті.
«Құдаңның қасқа аты бар бұл да жақсы
Ағайын сұрасаңыз берер» десті.
Жібердім әйелімді соныменен,
Бұрынғы өткендердің жолыменен.
«Қампайтар түгін бөрі» деген мақал
Біраз күн өтіп кетті соныменен.
Қасқа атты сұрап бардым және өзім,
Жоқ еді құдалықтан басқа сөзім.
Қасқа атты сұрап барған бермек түгіл
Ол аттың көрсетпеді басқан ізін.
Мен қайттым бір қасқа аттың теңі болмай,
Жүре ме ерде ердің кегі болмай?
Алдырдым жігіт жұмсап өз атымды
Жұмыстың мұнан өзге ебі болмай.
Атымды алғанымды өзі білді,
Һәм және тойда отырып іші күйді.
Атымды алғанымды білгеннен соң
Мақұлбек көті ашумен жылқы қуды.
Жылқысы барымтаның күнгей асқан,
Сөз болды Сиқым, Шымыр араласқан.
Мақұлбек барымтамен жылқы алған соң
Ат қойдық өңшең Шымыр өңкей жастан.
Көп адам Мақұлбекті түнде тапты,
Мақұлбек сасқанынан мылтық атты.
Атқан оқ ажалдыға кез болып тұр
Торы аты Сауқымбектің ажал тапты.
Мақұлбек пенде болып айдалғанмен,
Артына екі қолы байланғанмен.
Мына қылмыс халқыма мәлім болды
Өзім айтып халқыма жаймағанмен.
Өздеріңіз байқасаңыздар жыр біресе автордың атынан, бірде жыр кейіпкері Мекемтастың атынан айтылады. Бұл сол замандағы жырларға тән заңдылық. «Ақшадан үш ата едік таратылған» деп отырғаны Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Ерназар ауылында үш көше болып отырған қолбасшы Қойгелді батырдың немересі «Қырғызбай» мен інісі Ақша батырдың ұлдары «Өтеболат, Бекболат» ұрпақтары.
Сонау Жоңғар шапқыншылығында Қазақтың алауыздығынан қырылып жұтау көрген, Қоқаннан құқай көрген Дулат-Шымырлар бұл жырдың жарық көріп елге тарағанын қаламапты. Ақсақалдар жиылып «Еңлік-Кебек, Қалқаман-Мамыр секілді жырлар қазаққа не берді? Ағайынды екі рудың арасына жік салған жоқ па? Ертеңгі ұрпақ осы жырды оқып бір-бірін жек көріп кетеді» деп жыр жазылған қағазды өртеп жіберген екен. Сол оқылымда Баялы атамыз көп бөлігін жадында сақтап үлгеріпті. Өкінішке қарай атамның аузынан тікелей жазып алған ешкім жоқ. Бекен (Бектемір) ағамның жадында сақталғаны осы болды.
Сағаділдә Үсібәлі
Астана қаласы,2024 жыл.
Фото: Roleton.ru