Жасыратыны жоқ, біз спорттың көрсеткішін, жетістігін көбінесе Олимпиада ойындарының жүлдесімен өлшейміз. Әйтпесе, Жамбыл спортшыларының басқа жарыстардан жүлдесіз қайтқан кезі сирек. Соңғы рет 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында жамбылдық Бақтияр Артаев алтыннан алқа тағып, Вел Баркер кубогын қоса алып келген болатын. Міне, содан бері жиырма жыл уақыт өтіпті. Артаевтан кейін жамбылдықтар үшін Олимпиада алтыны арман болып тұр.
Осыдан кейін соңғы кездері «Жамбыл спортының баяғы даңқы қайда, неге Олимпиада алтынын ала алмай жүр?» деген сұрақтың көп қойылып жүргені рас.
Жақында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары осы саланың басшыларымен бірге спорттың мәселесін кеңінен талқылаған болатын. Сондықтан біз бүгінгі мақаламызда Жамбыл спортының кейбір проблемаларын шамамыз келгенше айтып шықсақ деп отырмыз.
- Соңынан санағанда үшінші орын…
Жалпы алғанда 2023 жылы Жамбыл облысының спорт саласының ағымдағы шығындарына 14 млрд 232 мың теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл қаражат 14 млрд 865 мың теңгеге жеткен. Бұл аз ба, көп пе?
Жамбыл облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Арман Ташметов «Егер барлық өңірлер бойынша спортқа бөлінген қаржыны салыстыратын болсақ, Жамбыл облысының бюджеті соңынан санағанда үшінші орында тұр. Бізден кейін Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары орналасқан. Көрші Шымкент қаласы спортқа 26 млрд теңге бөліп отырса, Түркістан облысында 28 млрд. теңге қарастырылған» дейді.
Бірақ қаржы аз бөлінеді екен деп Жамбыл облысының спортшылары жарысқа баруды шектеп, жүлдені азайтып жіберген жоқ. Бүгінгі таңда облыстың 805 спортшысы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болып отыр. Және облыс спортшылары 2023 жылы түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1 655 медальға ие болды. Оның ішінде: 623 алтын, 480 күміс, 552 қола медаль.
Сондай-ақ, 2023 жылы өткен төртжылдықтың басты додасы саналатын Жазғы Азия ойындарына 12 спорт түрінен 37 спортшы қатысып, 1 күміс, 3 қола медаль және 1 «Париж-2024» Олимпиада Ойындарына лицензия жеңіп алды. Ал, Азия ойындарына қатысқан Ұлттық құрама командасының сапында жамбылдық спортшылар Алматы (108 спортшы), Астана (70 спортшы) және Шымкент (64 спортшы) қалаларының құрама командаларынан кейін 37 спортшымен төртінші орында тұр.
Сонымен қатар Жазғы Пара Азия ойындарына 9 спортшы қатысып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медалға ие болды.
- Спорттың барлық түріне қаражат бөлу керек пе?
Әрине, басқарма басшысы Арман Ташметовті де Жамбыл спортшыларының 20 жылдан бері Олимпиада төрінде әнұранымызды шырқата алмай жүргені қатты ойландыратыны анық. Өйткені осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын осы қызметіне тағайындалған Арман Бақытжанұлы алғашқы күндерден-ақ Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға күш салған сияқты.
Қазіргі таңда облыста спорттың 83 түрі қамтылған.
— Бірақ осының бәріне бірдей қаражат бөлу керек пе? – дейді басқарма басшысы Арман Ташметов. — Мысалы, «Әулиеата» спорт клубы коммуналдық мекемесінің штат саны 48,5 бірлік. 2022 жылы 171 млн 290 мың, 2023 жылы 231 824, 2024 жылы 325 735 мың теңге бөлінген. Мекеме балансында 19 ат спорты бар. Биылғы жылы бұл спорт клубының бюджеті неге айтарлықтай көбейіп кетті деп ойлайсыз? Өйткені біз біраз спорт түрлерін топтастырып жатырмыз. Бұрын «Әулиеата» тек көкпар спорт клубы ғана болса, қазір Ұлттық спорт клубы деп аталады. Яғни, бүкіл ұлттық спорт түрлерін осы клубқа қосып жібердік. Сол үшін ұлттық спорт мектептерінің бюджеті де соларға қосылды. Жалпы алғанда ұлттық спорт жағынан нәтижеміз өте жақсы. 15-16 жылдан бері көкпардан бас жүлдені басқаға бергеніміз жоқ. Жасыратыны жоқ, кезінде спорт министрлігі осындай саясат жүргізіп, біраз спорт түрлерін ашып тастады. Реестрде болған соң міндетті түрде қаржы бөлуіміз керек. Енді қазіргі министрдің тапсырмасымен кем дегенде 10-15 спорт түрлерін жабамыз. Мысалы, армрестлинг 7 мектепте ашылған. Біз оның бәрін екі мектепте жинақтадық. Биыл тағы бір мектепке кіргіземіз. Қалай айтсақ та, бұл мәселеге сараптама жасалып жатыр. Біз үшін қайсысы тиімді? Меніңше Олимпиадалық спорт түрлеріне күш салған дұрыс сияқты. Осының нәтижесінде биылдың өзінде біраз қаржы үнемделді.
- Спорт түрлерін топтастырғаннан көрсеткіштер түсіп кетті ме?
Дегенменде Ташметовтың бұл реформасы спорт мектептерінің басшыларын әрі-сәрі қып қойғаны рас. Олар бұл турасында әр түрлі пікірлер айтады.
— Бұрын Олимпиада ойынларына кірмейтін спорт түрлеріне қаржының 60-70 пайызы бөлініп келген болатын, — дейді бұл жөнінде белгілі балуан, екі рет «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбай. — Енді биылдан бастап олимпиадаға кірмейтін спорт түрлеріне қаражат 30 пайыз бөлінеді. Міне, 20 жыл болды, Жамбыл облысында Олимпиада чемпионы жоқ. Соңғы мәрте алтынды Бақтияр Артаев алған болатын. Ал, Азия ойындары спорт түріне кіретін 5 спорт түріне қаржы бөлініп жатыр. Қалғаны ел біріншілігінде, тек баяғыдай 70-80 бала емес, 10-15 балаға ғана.
Ал, белгілі спортшы, № 1 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебі КММ-нің директоры Сәлкен Жартыбаевтың бұл өзгеріске көзқарасы басқаша.
— Ташметов басшы боп келгелі бері спорт түрлерін топтастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді Сәлкен Жартыбаев. — Дегенменде кейбір тірліктер сәл асығыстау болған сияқты. Мысалы, мен басқаратын мектептің төрт спорт залында жаттығулар жүріп жатыр. Таэквондо, грек-рим күресі, қазақша күрес, армрестлинг. Спорт түрлерін топтастырғаннан көрсеткіштер түсіп кетті. Меніңше ұлттық спортты күшейту керек. Спортты топтастырудың салдарынан дәл қазір мен басқаратын мектепте бөтен мектептің оқушылары жаттығып жүр. Олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?
— Бір жыл болды осы мәселе бойынша дауласып жатқанымызға, — деп жауап қатты бұған Арман Ташметов. – Олимпиадалық спорт түрлерін бөлгеннен кейін үлкен жарыста үшінші орын алдық. Яғни, оң нәтиже бар. Астанада да тура осындай жағдай. Мысалы, бір мектеп тек гимнастикамен айналысады. Спорттық гимнастика, акробатика, көркем гимнастика… Жетістіктері керемет.
- «Тараз» футбол клубы неге қарыздан көз ашпай кетті?
Жалпы Жамбыл спорты туралы әңгіме бола қалса «Тараз» футбол клубының мәселесі, оның жоғары лигадан түсіп қалуы, мойнындағы қарызы алдымен айтылатыны анық.
2023 жылы бұл клубқа 1,2 млрд теңге (нақтырақ айтсақ 1 198 157 мың теңге) бөлінген. Алайда жинақталған кредиторлық қарызға байланысты «Тараз» командасын бірінші лигаға көшу туралы шешім қабылданған.
— «Тараз» футбол клубын бірінші лигаға түсіру туралы ұсынысты сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке біздің басқарма ұсынды, — дейді Арман Бақытжанұлы. — Өйткені бізде басқа амал қалған жоқ. Команданы бірінші лигаға түсіріп, қаржы үнемдеу керек болды. Осыдан кейін жалақы мен іссапар шығындары қысқартылды. Үнемделген қаражат есебінен 376 381 мың теңге жалақы берешегі толық өтелсе, салық төлемдері мен басқа да төлемдер бойынша 267 411 мың теңге берешек өтелді. Барлығы 643 792 мың тенге. Осыған қоса 100 000 мың теңге берешек демеушілердің есебінен өтелді.
- «Тараз» футбол клубы қашан премьер-лигада ойнайды?
… Енді бұл қарыз қайдан пайда болды? Клубқа жыл сайын 1 млрд-тан астам бөлініп отырды. Әрине, аз қаржы емес, неге жетпей қалды? Жалпы «Тараз» футбол клубы қарыздан қашан құтылады? Қашан премьер-лигаға шығады?
Арман Ташметовтың айтуына қарағанда «Тараз» футбол клубы жоғары лигада ойнаған кезде басшылар сырттан қымбат футболшылар сатып алған. Яғни, көрпесіне қарай көсілмей легионерлерге ақша төлеген де, салық төлемеген. Осылайша қарыз жамала берген.
Иә, футбол командасының өткен күндеріне көз жүгіртсек, жалпы қарыз 2021 жылдан бері жинала бастағанын байқаймыз. 2021 жылдың 3 мамырында Ішкі мемлекеттік аудит нәтижесінде 1 014 972,0 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бұл сома 2021 жылға кредиторлық берешекті қалыптастырды.
2022 жылы клубқа бюджеттен 1 320 000 мың теңге бөлінді. Осы қаражаттың есебінен 2021 жылғы кредиторлық берешек Премьер-Лига, Бірінші лига, Екінші лига және Футбол орталығының футболшылары, бапкерлер, мамандары мен клуб қызметкерлерінің еңбекақысы бойынша 273 130 мың теңге, міндетті салық төлемдері бойынша 149 484 мың теңге, барлығы 458 473 мың теңге кредиторлық берешек өтелді. Енді 2021 жылдың қалдық берешегі 547 049 мың теңгені құрады.
Алайда келесі жылы клубтың жағдайы тіптен, нашарлай бастады. 2022 жылдың қорытындысымен кредиторлық берешек 620 562 мың теңгені құрады. Алдында қалған қарыз бар, сонымен қысқасы 2021 және 2022 жылдар бойынша кредиторлық берешектің жалпы сомасы 1 167 611 мың теңгеге жетті.
Әрине, 2022 жылғы футбол маусымының соңында команда 12-орынға ие болып, Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалған болатын. Алайда кредиторлық қарыздың үлкен болуына байланысты клуб сертификаттау рәсіміне жіберілмеді. Нәтижесінде бірінші лигаға өту және үнемделген қаражат есебінен кредиторлық берешектің бір бөлігін өтеу туралы шешім қабылданды.
- Тағы да кемінде 300 – 350 млн теңге керек
Енді 2024 жылы «Тараз» футбол клубына 1 149 000 мың теңге бөлініп отыр. Дегенменде әлі 640 000 мың теңге көлемінде өтелмеген салық және 144 000 мың теңге айыппұл берешегі бар.
Сондықтан спорт басқармасы бюджеттен тағы да кемінде 300 – 350 млн теңге бөлуді сұрайды.
Бірақ Жамбыл облыстық қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек «Әр нәрсенің өз лимиті бар. Одан артық бере алмаймыз. Лимит тәртібін сақтау керек. Клубқа алдында қосымша қаржы бөлінген» деп клубқа тағы да қаржы бөлу мүмкін емес екенін айтады.
— Биыл клубқа бөлінген 1,2 млрд теңгеден салықтарды жабамыз, — дейді Арман Ташметов. — Шынын айту керек, футболшыларға ай сайын 2 млн теңге жалақы төлей алмаймыз. Амал жоқ, клубтан кетемін дегендер болса қарсы тұра алмаймыз. Ертеңгі күні ақшасын төлесең кез-келген ойыншы Жамбылға келеді. Егер асығыстық жасап, биыл премьер лигаға шығатын болғанда келесі жылы қайтадан қарызға батар едік.
Айтпақшы «Тараз» футбол клубы президентінің орны әлі күнге бос тұр. Бұл лауазымға конкурс өтіп, 4 үміткер қатысқан. Оның ішінде футбол ардагерлері де бар. Бірақ 4-уі де сынақтан өте алмапты. Енді қайтадан конкурс жарияланып жатыр.
- Арт-спортқа бөлінген қаржы өзін өтеп жатыр ма?
Жамбыл спортындағы тағы бір даулы мәселенің бірі – арт-спорт.
Жамбыл облыс прокуратурасы 2022 жыл мен 2023 жылдары Арт-спорт бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына талдау жүргізген болатын. 2022 жылы спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелермен қамту мақсатында 1 млрд. 737,9 млн. теңге қаражат игерілсе, бюджеттен 2023 жылға — 2 млрд. 327,9 млн. теңге қаражат бөлініп, 257 413,1 мың. теңге игерілген.
Облыс аумағында Арт-спорт бағдарламасы аясында жалпы 9520 бала спорт секциялары және шығармашылық үйірмелерімен қамтылған. Оның ішінде 4207 балалар спорт секцияларына, 5313 бала шығармашылық үйірмелерге қатысқан.
2022-2023 жылдар аралығында Арт-спорт бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы бойынша 29,2 млн.теңге сомасына заң бұзушылық анықталған. Қазіргі таңда бюджетке 22 млн. теңге қаражат қайтарылды.
Жалпы алғанда арт-спорт қаншалықты тиімді? Жұмсалған қаржы өзін өтеп жатыр ма? Дәл осы спорт бойынша ел ішінде алып-қашпа әңгіме көп екені рас. Ол әңгімелердің түйіні – арт-спортты қолға алғандардың көпшілігі көзбояушылыққа жол беріп, қаржыны көбірек алу үшін аудан-ауылдарда арт-спортқа қатысушылар санын тым көбейтіп көрсеткен деп кінәлайды. Көбісінің спорт залы жоқ. Яғни, осы жобаға қатысушыларға қызмет көрсетуге қауқарсыз.
- Мектеп спортзалын жалға алған арт-спорт қай уақытта жаттығу өткізеді?
Жақында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары Қордайда іссапарда болған кезде кейбір мектептер спорт залын арт-спорт бойынша жалға бергеніне куә болды. Жалға алушылар ай сайын болмашы ғана қаржы төлейді. Мысалы, мектептің спорт залына бір жылға 16 мың мен 38 мың теңгенің аралығында қаржы төлеген. Кейбірі тіпті, ештеңе төлемейді де екен.
Мысалы, прокуратура органдары аудан орталықтарында орта мектеп директорларының 8 спорт ғимараттарын (спортзал) өтеусіз негізде жалға беруі деректері анықтап, нәтижесінде жалға беру шарттары бұзылған.
Ауыл мектептерінің барлығында дерлік спорт зал біреу-ақ. Екі ауысымда оқитын мектептердің спортзалы азаннан кешке дейін босамайды десе де болады. Ендеше мектеп спортзалын жалға алған арт-спорт қай уақытта жаттығу өткізеді? Бұл жай көзбояушылық, қағаз жүзінде ғана атқарылып жатқан шаруа емес пе?
Спорт саласында жүрген мамандардың барлығы дерлік арт спорт бойынша ешқандай спорттық нәтиже жоқ екенін айтады.
Мысалы, Бейбіт Ыстыбай Арт спортқа ақша бөлу құмға сіңген сумен бірдей екенін айтады.
— Арт-спорттан ешқандай нәтиже жоқ, — дейді Бейбіт Ыстыбай. — Бұл Астана, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалалар үшін қажет жоба. Өйткені ол қалаларда көп спорттық нысандар жекеменшік. Халық сыймайды. Жамбыл облысында залдан проблема жоқ. Одан да спорт кешендеріне құрал-жабдық алуға ақша бөлу қажет. Арт-спортта бір күнде бір сағат бөлінген. Қараңызшы, бала спортзалға келіп, киімін ауыстырамын дегенше 10-15 минут өтіп кетеді. Сонда бір бала күн сайын 30-40 минут қана жаттығады. Жарты сағатта бала не үйренеді?
Ал, Арман Ташметов арт-спортты әлі де зерделеп жатқанын айтады.
— Арт-спорт бойынша комиссия құрдық, — дейді Арман Ташметов. – Оның құрамында спортшылар, депутаттар, басқа да қоғам белсенділері бар. Зерделеуді бастады. Жақында қорытындысын береміз.
- Кейбір спорт мектептерінің жөндеу көрмегеніне 30 жыл болды
… Тағы бір мәселе Тараз қаласындағы ықшам аудандарда спорт алаңшалары бар. Кейбір спорт алаңшаларын неге балансқа алмасқа? Өйткені қараусыз қалған спорт алаңшаларының жағдай өте қиын. Әбден тоналған, сынған.
Тараз қалалық спорт бөлімінде 35 мини футбол алаңы бар, — дейді бұл жөнінде Тараз қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Оксана Борисюк. Әрқайсысында 1 инструктор және 3 күзетші жұмыс істейді. Осы алаңшаларды ұстауға бюджеттен 251 млн теңге жұмсалады. Қараусыз қалған алаңшалардың бәрін балансқа алатын болсақ тағы да 108 млн теңгеден астам қаржы керек. Бұл әрине, бюджетке салмақ түсіреді. Әл-әзірге кондоминиумға кіретін алаңшалар тұрғындар есебінен қаржыландырылуда.
Жиын соңында Жамбыл облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Арман Ташметов облыстағы спорт кешендерінің өз залдарын жалға бере алмайтынын қынжыла айтты.
— Біз іссапарға қаржы сұрамаймыз. Одан гөрі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінсе… Кейбір спорт мектептерінің жөндеу көрмегеніне 30 жыл болды. Былтыр 16 мектепке жөндеу жүргіздік. Биыл 16 нысанға өтініш бергенбіз. Ешқайсысын қолдамады. Сметаларының бәрі бар. Тағы бір айтары, біздегі спорт залдардың барлығы шығында отыр. Иә, «Тараз-арена» спорт кешені залдарын жалға беріп, басқа да қызметтер көрсетіп, табыс таба алады. Өз-өзін ақтап, ішінара жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді облысымызда көптеген спорт кешендері салынуда. Бірақ олардың ақылы қызмет көрсетуге мүмкіндіктері жоқ. Егер заң жүзінде мүмкіндік болса арт-спортты түгелімен өзімізге алып, спорт кешендерін жөндеп алуға болар еді. Осы мәселені еліміздің спорт және туризм министріне айтып, ұсыныс жасадық. Егер спорт кешендері залдарын ретіне қарай жалға беріп, басқа да қызметтер көрсетіп, қаржы табатын болса, ағымдағы жөндеуін де өздері жүргізе беруге мүмкіндік туар еді, — дейді Арман Ташметов.
Жалпы алғанда 2023 жылы облыста спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлерін дамыту дирекциялары ашылды. Бүгінгі күнге, облыс көлемінде басқармаға қарасты 53 спорт мекемесі жұмыс атқаруда. Аталған спорт мекемелерінде 29 862 спортшымен тұрақты түрде 1 122 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі күнге облыс бойынша 2 244 спорт нысаны жұмыс атқаруда. Нәтижесінде, облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 64,9 пайызды құрайды.