Форумға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері қатысты.
Жамбыл облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин атап өткендей, полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты және олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтарды азайту және болдырмауда барлық қажетті іс-шараларды жүргізуде. 2023 жылдың 10 айында облыста кәмелетке толмағандар арасында 78 қылмыс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға төмендеген.
Қазіргі уақытта 257 мектеп дабыл түймесімен жабдықталып, 238-сі Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Сондай-ақ, 151 білім беру ұйымына мамандандырылған күзет қызметі бөлініп, 149 турникет орнатылған.
ЖБО-ға және аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне облыстың 178 мектебінен 2 мыңнан астам бейнебақылау камерасы шығарылған. Полиция бөлімдері қызметкерлерінің күшімен білім беру мекемелерінен шығарылған камераларды қадағалау бойынша күнделікті жұмыстар ұйымдастарылған.
ПД бастығы қазір жасөспірімдермен сенімді қарым-қатынас орнатуға және алдын алу шараларына баса назар аударылып жатқанын атап өтті. Әр мектеп пен колледжге полиция қызметкерлері бекітілген. Олар мектептерде апта сайын құқықтық тақырыпта ашық сабақтар өткізеді.
Жыл басынан бері барлығы 260 мыңнан астам оқушыны қамтумен 200-ден астам «дөңгелек үстелдер», 8,5 мыңнан астам дәрістер мен әңгімелер, 150-ден астам конкурстар мен викториналар өткізілді. Оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесулер жүйелі негізде ПД басшылығымен де өткізіледі.
Арманбек Баймурзин сонымен қатар қорқыту мен кибербулингке қарсы іс-қимыл, балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткіні насихаттап, заңсыз әрекеттерге шақыратын тыйым салынған интернет парақшаларын бұғаттау бойынша нақты шараларға толығырақ тоқталды.
— Талдау көрсеткендей, балалардың қадағалаусыз қалуының негізгі себебі – отбасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы екенін көрсетеді, сондықтан ата-аналардан қырағы болуын сұраймыз, өйткені біздің балаларымыз – біздің ортақ жауапкершілігіміз, — деп қорытындылады Арманбек Баймурзин.
Форум барысында қатысушылар «Саған көмек!» жобасын жүзеге асыруды, мектеп психологтары жұмысының тиімділігін арттыруды талқылады. Талқылау қорытындысы бойынша Консультативтік кеңестің жанынан балаларды қорғау жөніндегі арнайы штаб құру туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.