«Елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылады. Халық алғашқы жарнасыз, 4 пайыздық үстемемен жаңа көлік алуға мүмкіндік алады!» Бұл жаңалық көпшілікті қуантқаны рас. Көлікті өмір сүру құралына айналдырған қарапайым халықтың басым бөлігі утилизациялық алымның төмендеуін, автонесиелеу бағдарламасының қосылар күнін тағатсыздана күтіп жүр. Алайда «Утильсборға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі Нұраддин Садықовтың айтуынша, қуануға әлі ерте. Ол жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына көзқарасын Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өткен аптада жаңа бағдарлама бойынша берілетін көліктердің тізімі жарияланды.
«Бұл қуанатын жаңалық емес. Берілген көліктердің санын қараңыз, 24 көлік. Оның ішінде тек Hyundai-дың үш моделі ғана Astana Motors компаниясына тиесілі, қалғанының бәрі «Сарыарқа АвтоПром»-ға қатысты дүниелер», – деген Нұраддин Садықов мұндай жағдайда бюджеттен бөлінген қаржы тек бірнеше адамның баюына себеп болатынын ашық мәлімдеді.
Айта кететін жайт, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінеді, ал «Оператор РОП-тан» 100 миллиард теңге алынады деп хабарланды.
«Бұл дайын тұрған дүниені қалайда бөліп алу. Халықтың ақшасы жиналып тұр. «Оператор РОП-тың» қызметі күмәнді екені белгілі. Біз аудиторлық тексеру жүргізіп, ақшаны кері қайтаруын талап еттік. Алайда олай болған жоқ. Халықтың өз бидайын өзіне қуырып беріп жатыр. Және пайыздық үстемемен несиеге қуырып беріп жатыр. Оған қоса, халықтың қазынасынан 150 миллиард теңге 2-3 адамның бизнесін дөңгелетіп жүргізуге бөлініп отыр», – дейді маман.
Жаңа бағдарлама бойынша бөлінген қаржыдан 2022 жылы – 30 миллиард теңге, 2023 жылы – 45 млрд теңге, 2024 жылы — 50 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр. Садықовтың айтуынша, бұл алдағы жылы көліктің тапшылығы мәселесін шешпейді. Себебі берілген көліктердің орташа құнын 7,5 млн теңге деп алған кезде, 30 млрд теңгеге небәрі 4 мың қазақстандық көлік міне алады.
«Ол қай жыртыққа жамау болады? Өздері қазірдің өзінде 15 мың адам кезекте тұр, дейді. 4 мың адам көлікті болса, қалған 11 мың адам келесі жылды күтуі керек пе?
Оның үстіне автопромның бірден көлік бере салатын мүмкіндігі жоқ. Қазірдің өзінде хабарлассаңыз, 10-20 пайызын төлеп, күтіп жүргендер көп. 4-5 айлап күтеді», – дейді Нұраддин Садықов.
Ал енді көпшілікті мазалайтын сұрақ, елде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылса, жүрілген көліктердің бағасы төмендей ме?
«Жоқ. Өзі 4-ақ мың көлік. Ол жаңадан кіріп жатқан көлік емес. Сатылып жатқан көліктерді мемлекеттің есебінен сатып жіберу. Басқа ештеңе емес. Бұл жерде еңбек өнімділігі, өндіріс артпайды. Дефицит күйінде қалады. 4 емес, 16 мың көлік алып келсе де, ол тапшылықты жоя алмайды. Бізге жылына 350-400 мың көлік кіріп отыру керек. Қазіргі жағдайда 500 мың кірсе де, артық емес. Себебі нарық қурап қалды. Утилизациялық алымды 90 пайызға, яғни 100 мың теңгеге түсірмесе, көліктің бағасы құлайды дегенге сенбеймін. Көлік қымбаттай береді, өйткені дефицит жойылмайды», — деп мәлімдеді Садықов.