Ақтөбенің Бесқоспа ауылында шектеу шарасы енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кеңес Қанадбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бестамақ ауылдық округінің Бесқоспа ауылында 6 бас ірі қара малдан белгісіз ауру анықталды. Арыз-шағымға байланысты аудандық ветеринария мамандары сынама алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберілді. Ренотрахеит ауруы нақтыланды. Осыған байланысты бүгінде ветеринарлық станция мамандарымен іс-шара атқарылып жатыр. Алдағы уақытта ауыл әкімінің шешімімен шектеу шаралары белгіленеді. Республикалық эпизотия жасағының мамандары шектеу қойылған аймақта екпе және дезинфекция шарасын жүргізеді», — деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кеңес Қанадбаев.
Сонымен бірге осы ауданда 2 мал өліп, сынама зертханаға жіберілді. «Алға ауданында 2 бас мал белгісіз аурудан өлді деп отырмыз. Нақты неден өлгенін анықтау үшін республикалық орталыққа сынама жіберілді. Нәтижесіне қарай жұмыс жүргізіледі», — деді облыстық ветеринария басқарасының басшысы Құсайын Сәрсембай.
Еске салсақ, Алға ауданы Бестамақ ауылында мал арасында белгісіз ауру анықталып, қан сынамасы зертханаға жіберілді. Онда ірі қара арасындағы инфекциялық ауру екені анықталды.