Биылғы жылы жастар саясатын іске асыруға 186,6 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 4 млн теңге жастар іс-шараларын өткізуге, 8,5 млн теңге «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды.
Жалпы алғанда жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 476 жас тартылды. Оның ішінде 305 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда аудан бойынша 294 жұмыссыз жас тіркеуде тұр.
Ал, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 102 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Оның ішінде наурыз айында – 35, сәуірде – 36, маусым айында – 31 жас жұмысқа тартылды. Қатысушылардың жас ерекшелігі 16–24 жас аралығын құрайды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аудан аумағында санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Тағы бір айтары, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында аудандық бюджет есебінен 5 маманға көтерме жәрдемақы төленді. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 10 маманға тұрғын үй сатып алуға 99,5 млн теңге көлемінде бюджеттік кредит қарастырылды.
Аудан бойынша 668 жас NEET санатында тіркелген. Оның ішінде 369-ы аудан аумағынан тыс жерге көшіп кеткен, 158-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 73-і бейресми жұмыста, 62-сі жұмыссыз.
— Жүргізілген нақтылау және зерделеу жұмыстарының нәтижесінде барлық 668 жастың әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты мекенжайы және айналысатын қызметі толық анықталды. Әрбір жаспен жеке кездесулер өткізіліп, сауалнамалар жүргізілді. Нәтижесінде жастардың әлеуметтік картасы әзірленіп, атқарылған жұмыстардың қорытынды есебі белгіленген тәртіппен жоғары органға жолданды, — дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың, лудоманияның, буллинг пен кибербуллингтің, интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың және суицидтің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында 58 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 1502 жас қамтылды.
Суицидтің алдын алу және жастардың психологиялық саулығын нығайту мақсатында түрлі тренингтер мен кездесулер ұйымдастырылып, 22 іс-шараға 380 жас қатысты.
Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында 17 іс-шара өткізіліп, 410 адам қамтылды. Ата-аналармен кездесулер, тренингтер ұйымдастырылып, жасанды интеллект көмегімен дайындалған ақпараттық бейнематериалдар көрсетілді.
«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында 2026 жылдың 6 айында жастар мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Есепті кезеңде 86 іс-шара ұйымдастырылып, 4800-ге жуық жас қамтылды. Оның ішінде Жамбыл аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобымен бірлесіп 25 іс-шара, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 30 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар 13 әлеуметтік бейнеролик жарияланып, 23 түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, «Қоғам сақшысы» республикалық акциясы аясында тұрақты рейдтік жұмыстар жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК талаптарына сәйкес ата-аналар мен заңды өкілдерге қатысты 190 әкімшілік хаттама рәсімделді. Қазіргі таңда профилактикалық есепте 2 кәмелетке толмаған жасөспірім тұр.
Ал, пробация қызметінің есебіндегі жастарды қоғамға бейімдеу және қайта қылмыстың алдын алу мақсатында 15 іс-шара ұйымдастырылды. Облыс әкімдігі белгілеген квота аясында 3 азамат жұмысқа орналастырылып, 2 азамат жұмысқа жолданды, сондай-ақ 1 азамат жастар практикасы арқылы жұмыспен қамтылды.
Фото: Liter.kz



