Иә, бүгінгі буын – жаңа идеяның, технологияның және креативті көзқарастың иесі. Сондықтан жастардың ұсынысын тыңдап, олардың әлеуетін тиімді пайдалану – ортақ міндет.
Жақында Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағы жанындағы Жастар кеңесінің кезекті отырысы «Тәжірибе алаңы» форматында ұйымдастырылып, басқосуға өңірдің әр ауданынан келген жас педагогтер қатысып, өзара пікір алмасып, алдағы жұмыс бағыттарын саралады.
Кездесуді жергілікті кәсіподақтың ұйымдастыру жұмысы бойынша маманы Диана Жұмағұлова жүргізді. Ол жуырда Павлодар қаласында өткен республикалық Жастар кеңесі форумына қатысып, жиында көтерілген өзекті мәселелер мен жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
– Форум барысында еліміздің түкпір түкпірінен келген жас педагогтер кәсіподақ қозғалысының бүгінгі бағыты, педагогтердің құқықтық қорғалуы, көшбасшылық қабілеттерді дамыту және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру төңірегінде кеңінен пікір алмасты. Біз де сол тәжірибені өңірімізде тиімді пайдаланып, жастар кеңесінің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге күш салуымыз қажет. Басты міндеттердің бірі – жас мамандарды кәсіподақ қызметіне кеңінен тартып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заманауи цифрлық мүмкіндіктерді, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, – деді Диана Жұмағұлова.
Жиын барысында кәсіподақтың жастар қозғалысы соңғы жылдары түрлі қоғамдық, мәдени және әлеуметтік жобалардың бел ортасында жүргені айтылды. Белсенді жастардың бастамалары кәсіподақ жұмысына тың серпін беріп, олардың ұйымдастырушылық қабілеті мен азаматтық ұстанымын қалыптастыруға оң ықпал етіп келеді.
Кеңес мүшелері жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы олардың кәсіби өсуіне де жол ашатынын ерекше атап өтті. Бұл ретте Тараз қаласындағы №69 орта мектептің кәсіподақ төрағасы Бауыржан Тұрар сөз алып, Т.Рысқұлов ауданындағы жастар қанатының жұмысын үлгі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, аталған ауданның тәжірибесі жастардың бастамаларын қолдау мен оларды қоғамдық жұмыстарға жұмылдырудың тиімді үлгісіне айналған.
Кездесу барысында алдағы уақытта аймақтық жастар форумын өткізу мәселесі де жан-жақты талқыланды. Форум аясында үздік тәжірибелерді ортаға салып, жас педагогтердің кәсіби байланысын нығайту көзделіп отыр.
Шу ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Ермахан Дәулетәлі, Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Ислам Жеңісбек және Мойынқұм аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақерке Жанатова жас мамандар арасында тәжірибе алмасу алаңдарын көбейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ олар өңірлердегі белсенді жастарды Жастар кеңесінің жұмысына көбірек тартып, көшбасшылық қабілеті бар педагогтерге қолдау көрсету мәселесіне тоқталды.
Пікір алмасу барысында жас мамандардың жаңа ортаға бейімделуі де назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылардың пікірінше, еңбек жолын енді бастаған педагогтердің ұжымға тез сіңісуі үшін тәлімгерлік институтын күшейту аса маңызды. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жастарға құқықтық кеңес беру, ақпараттық қолдау көрсету және өзара тәжірибе алмасудың жаңа тетіктерін қалыптастыру қажеттігі айтылды. Жиынды қорытындылаған Диана Жұмағұлова жастардың бастамасы мен белсенділігі кәсіподақ қызметінің жаңа тынысын айқындайтынын атап өтті.
Тағы бір айтары, Тараз қаласындағы №6 мектеп-гимназиясында өткен іс-шара «Кәсіподақ жастары және ЖИ: жаңа мүмкіндіктер дәуірі» деп аталды. Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Айнұр Баймұратованың айтуынша, аудандық филиал жанындағы жастар қанаты 2019 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде жас мамандардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, көшбасшылық қабілетін дамытуға және кәсіподақ қызметіне тартуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан. Ал облыстық семинардың басты мақсаты – осы тәжірибені бөлісіп, жастар арасындағы кәсіподақ жұмысын жаңа форматта дамыту.
Семинардың алғашқы бөлімінде кәсіподақтың жастар қанатының жетекшісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дулат Құдыс ұйымның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын таныстырды. Сонымен қатар «Жастар қанаты және soft skills дамыту: кәсіби өсуге қолдау, кәсіподақтың жастар қанатының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, бүгінгі цифрлық дәуірдегі жасанды интеллектінің мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол кәсіподақ қызметін ұйымдастыруда ЖИ құралдарын тиімді пайдаланудың жолдарын нақты мысалдармен көрсетіп, ұйымның жетістіктерін бейнежазбалар мен фотоматериалдар арқылы таныстырды.
Жастар қанатының мүшелері де өз жобаларын ортаға салып, кәсіподақ ұйымдарындағы жастардың рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтқанда, Ержан Қонысбаев «Жастардың шығармашылық әлеуетін арттырудағы кәсіподақтың трансформациясы» тақырыбында баяндама жасаса, Тұрар Жанділда сауықтыру шараларындағы жастар белсенділігін арттырудың мотивациялық тетіктеріне тоқталды.
Ал Құлан мектеп-гимназиясының директоры Гүлнұр Әділова жас маманнан мектеп директорына дейінгі кәсіби қалыптасу жолындағы кәсіподақтың қолдауын мысал ете отырып, жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға шақырды.
– Жастар қанатының жұмысына қатысу арқылы тәжірибе жинақтап, жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетімді дамыттым. Қоғамдық жұмыстар әрбір жас маманның өсуіне жол ашады. Сондықтан кейінгі буынға белсенді болып, кәсіподақ жұмысына белсене араласуға кеңес беремін, – деді ол.
Фото: Казахстанская правда



