Жобалардың жалпы құны 19,641 млрд теңгені құрайды. Оның 9,725 млрд теңгесі игеріліп, қалған 9,916 млрд теңге көлеміндегі инвестицияны игеру жұмыстары жалғасуда. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы индустриялық нысандарды аралап, өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аралау барысында қала әкімі индустриялық аймақта салынып жатқан Өндірістік парк кешенінің құрылысын қадағалап, нысанның сыртқы келбетін талапқа сай ретке келтіруді, аумақты абаттандыруды және асфальт төсеу жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс барысында анықталған кемшіліктерге байланысты мердігер мекемеге заң аясында тиісті шаралар қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар, қала басшысы индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан «НҰРҚАҒАЗ-Х» ЖШС-нің қағаз бұйымдарын өндіру жобасының құрылысымен танысты. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын жоба 5 гектар аумақта орналасқан. Кәсіпорынды биыл іске қосу жоспарланған. Аталған өндіріс орнында 40 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жалпы индустриялық аймақтағы кәсіпорындарда 901 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жүзеге асырылып жатқан жобалар толық іске қосылғаннан кейін қосымша 306 жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 1 207 адамға жетеді. Қала әкімі өндірістік аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндіріс орындарының құрылысын сапалы аяқтау және барлық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосуды тұрақты қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға әрбір инвестициялық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Жалпы алғанда Түркістан облысында өңір экономикасына инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осыған сәйкес, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Ордабасы ауданында қытайлық инвестордың қатысуымен темекі өнімдерін өндіретін жаңа өндіріс орнын іске асыру жобасы қолға алынуда. Жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Өндірілетін темекі өнімнің 60 пайызы экспортқа, ал 40 пайызы Қазақстанның ішкі нарығына бағытталады. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, өнеркәсіп саласының дамуына жаңа серпін береді.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында Ордабасы ауданы әкімдігі тарапынан инвесторға жер телімін беру, сондай-ақ өндіріс алаңын қажетті инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілетін болады.
Аталған инвестициялық жоба бойынша Ордабасы ауданы әкімдігі мен қытайлық инвестор арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум Алматы қаласында өткен «Қытай тауарларының Алматы қаласындағы XXI көрмесі» аясында рәсімделді. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндіріс жолға қойылып, өңірге тартылатын инвестиция көлемі артады. Сонымен қатар, экспорттық әлеует кеңейіп, жаңа жұмыс орындары құрылып, Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосылады.
Тағы бір айтары, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен газ саласындағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті. Мәжілісте өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстарының барысы, газ инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқыны және саладағы түйткілді мәселелер жан-жақты қаралды. Сонымен қатар кейбір газ тарату компанияларының жинақталған берешектері мен қаржылық міндеттемелерінің орындалу жағдайы талқыланды.
Облыс әкімі жауапты мекемелерге газдандыру жобаларының мерзімінде әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ газ саласындағы қаржылық тәртіпті күшейтіп, жинақталған қарыздарды азайту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Айта кетейік, облыс аумағында газ саласын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлініп, 45 нысан пайдалануға берілді. 41 елді мекендегі 102 мың халық табиғи газбен қамтылды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 801 елді мекеннің 606 елді мекені (халық саны –1 887 455) табиғи газбен қамтылып, газдандыру деңгейі 88 пайызға жеткізілді. Биыл 74 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 33 нысан пайдалануға беріліп, 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылады. Қалған 41 нысан келесі жылға өтпелі. Нәтижесінде газдандыру деңгейі 90 пайызға жеткізіліп, 640 елді мекендегі 2 миллионға жуық тұрғын (89,5 %) табиғи газға қол жеткізеді.
Фото: Түркістан газеті



