Жоба аясында аурухана ғимараты толық жаңғыртылып, заманауи құрылыс талаптарына сәйкес қайта бейімделеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға сапалы әрі қолайлы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаның бас мердігері – «KazBuildCo» ЖШС. Күрделі жөндеу жұмыстары «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры» арқылы жүзеге асырылуда.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың 11 сәуірінде басталды. Қазіргі таңда нысанда жоспарға сәйкес демонтаж жұмыстары қарқын алуда. Сонымен қатар ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын күшейту, сыртқы қасбетке арматура қаңқаларын орнату, құрылыс қалдықтарын шығару және келесі кезеңдегі құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Састөбе кентінде салынып жатқан жаңа фельдшерлік пункттің құрылысымен танысты. Аталған нысан тұрғындарға көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, шалғай елді мекендерге медициналық қызметті жақындату мақсатында салынуда. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда қызметкерлерге арналған әкімшілік корпус пен арнайы қызметтік автокөліктерге арналған төрт гараж қарастырылған.
Мұнда тәулігіне 10 қызметкер яғни, 3 бригада қызмет көрсетіп, тұрғындарға жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасалады.
Сарыағаш ауданында да халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудан көлемінде бірқатар денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе және Көктерек ауылдық округтерінде салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын бақылауға алды.
Құрылыс алаңдарын аралау барысында аудан басшысы нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуінің маңыздылығына тоқталып, мердігер мекемелерге құрылыс қарқынын күшейту, жұмыстарды құрылыс талаптарына сәйкес жоғары деңгейде орындау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, бұл нысандардың ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы ерекше екенін атап өтті.
Жұмыс сапарын қорытындылау барысында аудан әкімі Жартытөбе ауылдық округінің әкіміне құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы кезеңде ғимараттың сыртқы қасбетін қаптау және аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Көктерек ауылдық округінің Дархан елді мекенінде бой көтеріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктте кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта ішкі сылақ жүргізу және еденнің негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жобалар толық аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары алғашқы медициналық-санитариялық көмекті өз елді мекенінде алып, заманауи талаптарға сай сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы алғанда бүгінде Қазақстанда жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қатар жүргізілуде. Оның ішінде 55 млрд теңге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аудандық ауруханаларды жаңғыртуға бағытталса, тағы 53 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қарастырылған.
Аталған жобаларды іске асыру денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын едәуір нығайтуға, медициналық көмек көрсету үшін заманауи жағдай жасауға және еліміздің барлық өңірі тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухананы жаңғыртып, оларды заманауи көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейіне жеткізу жоспарланған.
Жаңғырту жұмыстары нысандарды күрделі реконструкциялаумен ғана шектелмей, компьютерлік томографтар мен ангиографиялық кешендерді қоса алғанда, заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жарақтандыруды да қамтиды.
Фото: Сарыағаш Аудан Әкімдігі



