Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сақтандырылмаған азаматтар саны 92 мың 679 адамға (23,6 пайызға) азайған. Атап айтқанда, 2025 жылғы мамыр айында бұл көрсеткіш 391 мың 553 адам болса, 2026 жылғы мамырда 298 874 адамды құрады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Д және Е санаттарына жататын азаматтар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жергілікті бюджет есебінен жарналар төлене бастауымен МӘМС жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алайда медициналық көмекке жүгінбеген азаматтардың шартты сақтандырылған мәртебесі заңда белгіленген мерзімнен өткеннен кейін автоматты түрде тоқтатылып жатқанына назар аудару қажет.
Жақында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуы туралы ақпарат беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер әзірледі. Жоба мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жетілдіруге және сақтандыру мәртебесі мен төленген жарналар мен аударымдар туралы мәліметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл мемлекеттік қызмет азаматтарға МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесі, сақтандырылған кезеңдері, сондай-ақ олардың пайдасына төленген жарналар мен аударымдар туралы нақты ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.
Қызметті электрондық форматта *eGov.kz* электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға жеке жүгінбей-ақ, өздеріне ыңғайлы уақытта сақтандыру мәртебесін және төленген жарналар туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік береді.
Бүгінде 17,5 миллион азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады. МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтарға төленген жарналардың мөлшеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан медициналық көмектің кең көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Лаура Ділдәбекқызының айтуынша қазіргі таңда Созақ, Бәйдібек, Арыс аудандарында халықтың МӘМС жүйесіне қатысу деңгейі жоғары. Ал, Мақтаарал, Сауран, Сайрам аудандарында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет.
Пациенттің құқығы бұзылса, қайда жүгіну керек, көп жағдайда тұрғындар бірден Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласады. Бірақ әрбір емхана мен ауруханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейтінін біле бермейді. Бұл қызмет пациенттердің арыз-шағымдарын қарап, медициналық көмектің сапасына бақылау жүргізеді. Егер пациент дәрігердің қабылдауына, емнің сапасына немесе МӘМС мәртебесіне қатысты мәселеге тап болса, алдымен осы бөлімге жүгіне алады. Сонымен қатар Қордың ресми сайты msqory.kz мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы да өтініш қалдыруға болады. Реті келіп тұрғанда айтайын, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында облыста медициналық ұйымдарға тұрғындардан 309 арыз-шағым түскен. Көбіне медициналық көмектің сапасы, ұзақ күту, дәрі-дәрмек бермеу және дәрігер этикасына қатысты мәселелер көтерілген, — дейді бұл жөнінде Лаура Ділдәбекқызы.
Мамандардың айтуынша, мәртебені сақтауүшін МӘМС жарналары мен аударымдарын үздіксіз әрі уақытылы төлеп тұру қажет. Соңғы 12 айда төлемдерде үзіліс болған жағдайда азаматтар медициналық қызметтерге толық қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ, ұзақмерзімді еңбек демалысына шыққан қызметкерлер үшін МӘМС төлемдерін әр ай бойынша бөлек рәсімдеу аса маңызды. Егер еңбек демалысы бірнеше айды қамтыса, жұмыс беруші төлемдерді әр кезеңге жеке есептеп бөлек аударуы тиіс.
Сондай-ақ, оқушылар да МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Сондықтан балалар дәрігер қабылдауын, анализдер мен тексерулерді, стоматологиялық қызметтерді, оңалтуды, стационарлық емді және жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін ала алады. Мектеп медицинасы аясында балалар профилактикалық тексеруден өтеді, екпе алады және денсаулығына бақылау жүргізіледі. Жазғы демалыс кезінде балалар толық медициналық тексеруден өтіп, қажет болса оңалту емдерін де ала алады. Мысалы, массаж, физиотерапия, емдік дене шынықтыру секілді қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі. Егер бала мектепте медициналық тексеруден өтпей қалса, оны тіркелген емханасында өте алады.
Фото: Егемен Қазақстан



