Нәресте өлімі 9,5 пайызға, бала өлімі 5,3 пайызға төмендеді. Бұл алғашқы медициналық көмекті күшейту, перинаталдық қызметті жетілдіру және тәуекел топтарына бақылауды күшейту жұмыстарының нәтижесі.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жыл басынан бері 18 медициналық ұйымда «Даму және ерте араласу» орталықтары ашылып, жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, облыстық деңгейде балаларға офтальмологиялық, сурдологиялық көмек көрсететін құзірет орталықтары және медициналық қызметкерлерді оқытуға арналған супервизия орталығы іске қосылды. Облыстық перинаталдық орталықтарында «Салауатты ана» пансионаттары ашылды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген 507 ЭКО квотасы толық игерілді.
Өткен жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен орфанды (сирек кездесетін) өмірлік маңызы бар дәрілік заттармен қамтамасыз етілетін 27 науқасшаңдықтар бойынша 314 науқастарға 4,6 млрд. теңге бөлініп, оның бүгінгі күнге дейін 4,5 млрд. теңгесі игерілді. Республикалық бюджет есебінен 292412 науқас амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз етілді, оның ішінде 58 мың 951 науқас 18 жасқа дейінгі балалар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымда жалпы 24210 медицина қызметкері қызмет атқарады. Оның 5321-і дәрігер, 18889-ы орта медицина қызметкері. Өткен жылы облыс көлемінде 259 бейінді дәрігердің жетіспеушілігі байқалды. Тапшы мамандықтарды жою мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің сөзіне сүйенсек, былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада тапшы бейінді мамандықтар бойынша дәрігерлер даярлауға 75 грант бөлініп, толық көлемде игерілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен барлығы 505 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Оның ішінде, Ресей федерациясында 20 жалпы тәжірибелі дәрігер, Түркия республикасында 11 дәрігер, ал өңір аумағында 244 орта буынды медицина қызметкері кәсіби қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұдан бөлек, Ресейден тартылған білікті оқытушы мамандардың қатысуымен облыс аумағында 230 медицина қызметкеріне арналған мастер-класстар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен сұранысқа ие аса тапшы мамандықтағы 28 жас маманға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда 9 жас маманға 8,5 млн. теңге, 6 жас маманға 1,5 млн. теңге, 13 жас маманға 1 млн. теңге көлемінде берілді. Ал, аудан, қала әкімдіктері тарапынан 1 жас маманға тұрғын-үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие, 3 жас маманға қызметтік пәтер және 24 жас маманға 100 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында перинаталдық көмек 3 деңгейде көрсетіледі. Бүгінде өңірде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Олардың кадрлық қамтамасыз етілуі 95 пайызды, ал жабдықталу деңгейі 80,7 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 780 сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздер мен үшемдер бар.
Балалар денсаулығын сақтау бағытында да оң көрсеткіштер байқалады. Облыста 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Былтыр Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды. Аталған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысу үшін жақында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы іссапармен келді. Іссапар барысында министр балаларды оңалту орталығының жұмысымен жан-жақты танысып, науқас балаларға көрсетіліп жатқан ем-дом және оңалту шараларының жүргізілу барысын бақылады. Сонымен қатар, медициналық қызмет сапасын арттыру, заманауи оңалту әдістерін енгізу және қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында орталық мамандары атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарлар мен даму бағыттарын ортаға салды. Министр балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталып, орталық ұжымының еңбегін оң бағалады.
Сонымен қатар өңірде патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Бұл ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
Фото: Zakon.kz


