– Медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі, жанқиярлықпен көрсеткен көмектері, адам өміріне деген жанашырлықтары – шынайы ерлікпен пара-пар. Өңірімізде 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа қызмет етуде. Заман ағымымен ілесе мамандардың біліктілігін арттыру аса маңызды. Бұл бағытта мамандар тапшылығын шешу үшін Түркістан облысы әкімдігі 5 жылдық жоспар бекітті. Осы мақсатқа 675 резидентура гранты бөлініп, кадрлар дайындалуда. Осындай игілікті істер мен медицна қызметкерлерінің беделін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасуда, – дейді басқарма басшысы.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, соңғы жылдары бүгінде ақ халаттылардың халыққа қолжетімді медициналық көмек, сапалы қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Оның сөзіне сүйенсек, Түркістан облысында былтыр 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген болса, биыл тағы 20 медициналық нысан салынуда.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында сәулелік диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. 3 магнитті-резонанстық томографт Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына, Түркістан қалалық балалар ауруханасына, Жетісай аудандық орталық ауруханасына, 1 жасанды қан айналым аппараты Түркістан облыстық балалар ауруханасына орнатылған. Ал, 2 компьютерлік томографт Ленгір қалалық ауруханасы мен Арыс аудандық орталық ауруханасына беріліпті.
– Біз жақында ғана былтыр сатып алып орнатқан екі КТ апаратының бірін Арыс аудандық орталық ауруханасында ресми түрде іске қостық. Енді жергілікті түрғындар Арыс қаласынан шықпай-ақ облыс орталықтарындағыдай сапалы медициналық қызметті осында ала алады. Мұндай КТ аппараты Түркістан облысындағы орталық ауруханалардың 70 пайызында бар. Дәл осындай аппаратты биыл Леңгір қалалық ауруханасына да орнаттық. Алдағы уақытта Созақ аудандық орталық ауруханасы мен «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасында да орнататын боламыз. Бүгінде ол ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары біткен соң Шолаққорған мен Қарабұлақта да осылай КТ аппараттарын орнатып, іске қосамыз, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Марқабайұлы.
Сонымен қатар, 5 экспертті санаттағы УДЗ аппараты Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына, №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығына, Түркістан қалалық орталық ауруханасына, Түркістан қалалық балалар ауруханасына, Түркістан облыстық балалар ауруханасына, 3 бейнеэндоскопиялық жиынтық №2 Түркістан облыстық перинаталдық орталығына, Ленгір қалалық ауруханасына, «Абай» Келес аудандық ауруханасына, 3 маммографиялық жүйе Ордабасы аудандық орталық ауруханасына, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына берілді. Сондай-ақ, онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды орындау мақсатында медициналық мекемелер 11 дана диагностикалық құрал-жабдықтармен (бейнеэндоскопиялық жиынтықтар, ЛОР комбайн, жылжымалы рентген аппараты, аргоноплазмалық коагулятор, бронхоскоп, колонскоп, гастроскоп жуу машиналары, стерильді эндоскоп сақтайтын шкаф және т.б.) қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі мен Оқу-ағарту министрінің «2025-2028 жылдарға арналғын білім беру ұйымдарында стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинеттерін ашу және олардың одан әрі жұмыс істеу бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы негізінде аудандардағы мектептердің медициналық кабинеттеріне 20 дана стоматологиялық қондырғылары сатып алынды.
«Мектеп медицинасын дамыту тұжырымдамасының жобасы» бойынша орта білім беру ұйымдарында медициналық көмек көрсету стандартына сәйкес мектептердің медициналық кабинеттеріне алғашқы кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін аудан және ауылдық аймақтардағы мектептерге 348 дана дефибрилляторлармен жарақтандырылды.
Ағымдағы жылы медициналық ұйымдарға жалпы 2560 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем қызметін жақсарту мақсатында 2025 жылы лизинг арқылы медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталған 60 дана жедел жәрдем автокөліктерімен толықтырылды.
Фото: QAZAQ UNI



