Бұл жоғары марапат – өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау жолында тәулік бойы қызмет атқарып жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсібилігі мен жанқиярлық еңбегінің нәтижесі екені анық.
Бүгінде Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы 2 миллион 148 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Облыс бойынша 167 жедел жәрдем бригадасы жұмыс атқарады, оның ішінде 35 дәрігерлік және 132 фельдшерлік бригада халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуде. Қызмет көрсету радиусы 250 шақырымды қамтиды.
Мекеме құрамында 6 бекет пен 17 бөлімше жұмыс істейді. Сонымен қатар, шақыртуларға уақытылы жетуді қамтамасыз ету және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс аумағында қосымша 48 тәуліктік пост ұйымдастырылған.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында 2025 жылы автопарк 2 неонаталдық реанимобильмен және 60 Hyundai Staria санитарлық автокөлігімен толықтырылды. Барлық санитарлық көліктер GPS навигациясымен, рациямен және бейнежетондармен толық қамтамасыз етілген.
Жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында мекеменің ақылы қызметтен түскен қаражаты есебінен 2025 жылы 4 жаңа бекет пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бесінші жаңа бекеттің құрылысы жалғасуда.
Соңғы жылдары негізгі көрсеткіштер бойынша айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, сәтті реанимация көрсеткіші 2025 жылдың алғашқы бес айындағы 59 пайыздан 2026 жылдың осы кезеңінде 90 пайызға дейін өсті. Бұл жүрек қызметін қалпына келтіру және шұғыл реанимациялық көмектің тиімділігінің жоғарылағанын көрсетеді.
Сондай-ақ жедел жәрдем бригадаларының шақыртуға уақтылы жету көрсеткіші 95 пайыздан 98 пайызға дейін артты.
Заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған екі неонаталдық реанимобильдің көмегімен 234 жаңа туған нәресте мамандандырылған медициналық ұйымдарға қауіпсіз тасымалданып, оларға дер кезінде білікті медициналық көмек көрсету қамтамасыз етілді.
Қол жеткізілген нәтижелер – медицина қызметкерлерінің кәсібилігінің, ұжымның ұйымшылдығының және жедел медициналық көмек көрсету жүйесін үздіксіз жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты жемісі.
Тағы бір айтары, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бағалау қорытындысы бойынша, 2025 жылғы қызмет нәтижелері мен облыстық көрсеткіштердегі жоғары жетістіктері үшін «Атакент» Мақтаарал аудандық ауруханасы үздіктер қатарынан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Бұл жетістік – аурухана ұжымының кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегінің, халық денсаулығын сақтау жолындағы адал қызметінің айқын көрінісі.
Ал, медицина саласындағы үздіксіз еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін Түркістан облыстық көз микрохирургиялық ауруханасының басшысы Бектұрғанов Рамазан Сейдахметұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 15 маусымдағы Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.
Бұл марапат – тек жекелеген тұлғаның емес, тұтас өңірлік медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Сондай-ақ, Түркістан облысының медициналық ұйымдары республикалық деңгейде үздік деп танылды. Нақтырақ айтсақ, Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Сала мамандарының кәсіби мерекесі аясында ана мен бала денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген үздік медициналық ұйымдар марапатталды.
Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша Түркістан облысының екі іргелі мекемесі жоғары нәтиже көрсетіп, «Беделді» атағына ие болды:
«Беделді перзентхана»номинациясы бойынша — Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығы.
«Беделді балалар ауруханасы» номинациясы бойынша — Түркістан қалалық балалар ауруханасы.
Бұл марапаттар — өңірдегі медициналық көмек сапасын арттыруға, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізуге қосқан сүбелі үлестің және ұжымдардың күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан медицинасы жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Өткен жылы облыс дәрігерлері 75 мыңнан астам ота жасап, 42 ағза трансплантациясын сәтті орындады. Бұрын тек шетелде немесе елордада ғана жасалатын күрделі операциялар бүгінде өңірде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жылжымалы медициналық кешендер арқылы 486 ауылдағы 434 мыңнан астам тұрғын тексеруден өтті. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да нақты нәтижелер бар. Нәресте өлімі 18,3 пайызға, бала өлімі 14,9 пайызға төмендеді.
Фото: Informburo.kz


